НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз – Sputnik. Сәуір айынан 65 жастан асқан және созылмалы ауруы бар адамдарға коронавирусқа қарсы вакцина егу басталады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, бүгінде елде 347 егу пункті жұмыс істеп тұр, 76 188 адам вакцина салдырды.
Наурыздың соңында вакцинаның қосымша 180 мың дозасы жеткізіледі. Келесі айдан бастап жеткізу көлемі әжептәуір ұлғаяды.
"Сәуірден халықтың осал топтарын, яғни созылмалы ауруы бар, 65 жастан асқан адамдарды және басқа топтарды вакциналауды бастау жоспарланып отыр", - деді Цой үкімет отырысында.
Министр вакцина көлемінің ай сайын ұлғаюына байланысты өңір әкімдері қосымша егу кабинеттерін ашуы тиіс екенін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Цой коронавирусқа қатысты болжамды бөлісті
"Халықты коронавирусқа қарсы екпемен қамтудың қажетті деңгейіне қол жеткізу ұжымдық иммунитет қалыптастыруға және инфекцияның таралуын болдырмауға мүмкіндік береді", деді ведомство басшысы.
Цойдың айтуынша, Қазақстанға биыл 12 миллион доза вакцина түседі.