Экономика

Jusan Bank АТФБанкті өзіне қосқалы жатыр

АТФБанкті өзіне қосқаннан кейін Jusan Bank активтер мен капитал көлемі бойынша Қазақстанның ең ірі банктерінің үштігіне кіреді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз – Sputnik. АТФ Банк Jusan Bank-ке қосылады. Банктің баспасөз қызметінің ақпаратынша, бірлескен шешім акционерлердің жиналысында қабылданды.

Соның нәтижесінде Jusan Bank активтер мен капитал көлемі бойынша Қазақстанның ең ірі банктерінің үштігіне кіреді. Осылайша қосылу процесі аяқталғаннан кейін Jusan Bank активтерінің көлемі шамамен 3 триллион теңгені құрайды.

"Біз қаржылық позициялары берік және цифрлық сервистері аса ыңғайлы сенімді әрі заманауи банк құрып жатырмыз. Клиенттік базаларды біріктірудің және алдыңғы қатарлы технологияларды енгізудің арқасында біз нарықтағы үлесіміздің одан әрі қарқынды өсетініне сенімдіміз. Екі банк біріккен кейін ол 10%-тен асады", – деді Jusan Bank директорлар кеңесінің төрағасы Шигео Катсу.

Jusan Bank бүкіл ел бойынша 1,1 мың бірліктен асатын ең ірі банкоматтар желісі мен 180-нен астам бөлімшені қамтиды. АТФБанктің Jusan Bank-ке қосылу үдерісін осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Тағы оқыңыз: Енді қазақстандықтар ескі банкноттарды кез келген уақытта айырбастай алады

АТФБанктің Jusan Bank-ке қосылуына рұқсат алу туралы барлық тиісті құжат заңнамада белгіленген мерзімде Қазақстанның қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жіберіледі.

Банктердің әкімшілігі алдағы бірігу процесі клиенттер үшін барынша жайлы өтетініне сендірді. Екі банктің бірігуі барысында АТФБанктің барлық бөлімшесі мен сервисі Jusan Bank-ке толық көшкенге дейін жұмысын қалыпты режимде жалғастырады.