Оқиға

Павлодарда кондуктор жолаушыны автобустан күштеп түсіріп кетті – видео

№1 қалалық автобусқа мінген әйелдің өзімен бірге зейнетақы куәлігі болмаған. Автобус кондукторы жолаушыға жекіп сөйлеп, автобус салонынан итеріп жіберген
Sputnik

АЛМАТЫ, 15 наурыз – Sputnik. Павлодарда кондуктор егде жастағы жолаушыны балағаттап, автобустан түсіріп жіберген сәттің видеосы Instagram желісінде жарияланды.

№1 қалалық автобусқа мінген әйелдің өзімен бірге зейнетақы куәлігі болмаған, алайда ол жол жүру ақысын толық төлеуден бас тартқан.

Видеода болған оқиғаның соңы түсірілген. Ол жерде автобус кондукторы жолаушыға жекіп сөйлеп, автобус салонынан итеріп жіберген. Алайда автобуста болған басқа жолаушылардың ешқайсысы жанжалға араласпаған.

Бұл оқиғаға қатысты қала әкімдігі жауап берді.

"Болған оқиға үшін кешірім сұраймыз. Біз бұл жағдайды автобус паркінің басшылығымен міндетті түрде талқылаймыз. Тасымалдаушы фирма қызметкерлеріне мұндай мінез-құлық көрсетуге болмайды, кінәлі тұлғалар жазаланады", - деп түсіндірді Павлодар қаласының әкімдігі әлеуметтік желіде.

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын Павлодар микроавтобусының 35 жастағы жүргізушісі жолаушыға дөрекі сөйлегені үшін үш тәулікке қамауға алынды.