Саясат

Қытай елшісі туыстарымен қауышуға көмектесуді өтінген қазақстандықтарға жауап берді

Қазақстандықтар Қытайдағы туыстарымен қауышуына көмектесуді өтінген, ҚХР елшісі олардың заңды бұзуына байланысты түрмеде жазасын өтеп жатқанын айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 наурыз – Sputnik. Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев Қытай елшісі Чжан Сяомен кездесті.

Тараптар қазақстандықтардың ҚХР-да тұратын туыстарымен қауышуы мәселесін талқылады, деп хабарлайды сыртқы істер министрлігі.

"Маңызды тақырыптар арасында тараптар Қазақстан азаматтарының ҚХР-да тұратын туыстарымен қауышуына жәрдемдесу туралы өтінішін талқылады", - делінген ведомствоның ресми сайтында.

Чжан Сяо өтініш білдіргендердің туыстары Қытай азаматы екенін және елдің заңнамасын бұзуына байланысты жазасын өтеп жатқанын мәлімдеді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар халықаралық құқық қағидаттарына сәйкес консулдық қызметтер желісі бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.

Бұған дейін БАҚ-та бір топ адам Қытайдағы туыстарына іздеу салып, Алматыдағы консулдық алдында наразылық өткізгені хабарланған еді.

Былтыр ақпан айында сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Sputnik Қазақстанға Қытайдағы "қайта оқыту" орталықтарында этникалық қазақтар жоқ екенін мәлімдеді.

Қытайдағы қазақтардың тағдыры

Қытайда этникалық қазақтардың қысымға ұшырағаны жөніндегі әңгіменің таралғанына екі-үш жылдың айналасы болды.

Дереккөздерге сүйенсек, Шыңжаң лагерлерінде бір миллионға жуық этникалық қазақ пен ұйғыр отыр. Алғашында бұл "саяси үйрену" лагерьлері деп аталған еді, кейін Қытай билігі мұны жоққа шығарып, жай ғана "кәсіби оқыту орталықтары" екенін айтты.

Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев этникалық қазақтарды лагерьлерге қамау жөніндегі ақпарат Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысының салдары екенін айтқан болатын.