Елорда тынысы

Нұр-Сұлтанда локдаун енгізіледі

Дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуіне байланысты жексенбі күні қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылатын болады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 наурыз — Sputnik. Жексенбі, 21 наурыз күні елордада локдаун енгізіледі, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Мұндай шешімге Нұр-Сұлтан қаласының коронавирус таралуы бойынша "қызыл аймаққа" енуі себеп болған.

"Жексенбіде сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, сауда орталықтары(оларда орналасқан дәріханаларды, сондай-ақ тамақ өнімдері мен бірінші кезекте қажетті заттарды сататын және орналасқан жеріне қарамастан қызметіне рұқсат етілген объектілерді қоспағанда), жабық азық-түлік емес базарлар, азық-түлік емес тауар сататын нысандар, жабық спорт объектілері, ХҚО, "Қазпошта" АҚ секілді мекемелердің жұмыс істеуіне тыйым салынады", - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ, дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуіне байланысты жексенбі күні қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылады.

Сенбі және жексенбі күндері фитнес-орталықтардың, фитнес-клубтардың, спорттық-сауықтыру объектілерінің, сауналардың, СПА-орталықтардың ("сары аймақ" талабы қолданылатын "Ashyq" пилоттық жобасына қатысатын объектілерді қоспағанда) жұмысына тыйым салынады.

"Қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Өткен мереке күндерінен кейін коронавирус инфекциясын жұқтырушылар саны күрт көбейді. Осыған байланысты қосымша карантиндік шектеулері бар қаулы 18 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі", - деді Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова.

Оның айтуынша, індеттің өршуіне жол бермеу керек. Сондықтан Наурыз мейрамына орай бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынады.

"Медициналық ұйымдар мен медицина қызметкерлеріне шамадан тыс жүктеме болмас үшін қатаң санитарлық нормалар сақталуы қажет, яғни бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтау керек", - деді ол.

18 наурыздан бастап қоғамдық тамақтану нысандарының  (мейрамханалар, дәмханалар, барлар, асханалар) жұмыс уақыты сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін қысқарады.

Сондай-ақ 18 наурыздан бастап кинотеатрлар мен кинорумдардың жұмысына тыйым салынады.

Еске салсақ, Қазақстанда 21, 22, 23 наурыз күндері Наурыз мерекесі аталып өтеді.