АЛМАТЫ, 14 наурыз — Sputnik. Қазақстан үкіметі апаттың себебін анықтау үшін сараптау комиссиясы құрды. Оның құрамына ұлттық қауіпсіздік комитеті, қорғаныс және ішкі істер министрліктерінің өкілдері енді.
“Қазіргі уақытта комиссия мүшелері әуе кемесі құлаған жерде. Бортық жазу құралы ("Қара жәшік") табылды. Оның ішіндегі мәліметтерді тексеру жұмысы жүріп жатыр. Нәтижесі алдағы уақытта хабарланады”, - деп жазылған ұлттық қауіпсіздік комитеті сайтында.
Қайтыс болғандардың туғандарымен психологтар жұмыс істеуде. Медициналық көмек көрсету үшін Алматы қаласында орналасқан комитет госпиталінің мамандары жұмылдырылған.
"Арнайы бортпен Евгениі Васильковтың ата-анасы Петропавл қаласынан Алматыға жеткізілді", - делінген хабарламада.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасы мен туғандарына қажетті материалдық көмек көрсетіп, жерлеу рәсімдерін өткізуге қолдау білдіріп жатқаны айтылды.
Алматы маңында әскери ұшақ құлады
Сенбі, 13 наурызда Алматы әуежайының маңындағы Қызыл Ту ауылының іргесіне әскери ұшақ апатты жағдайда қонуға мәжбүр болған. Алайда, Ан-26 ұшағы қону алаңына жақындағанда отқа оранып, құлады. Салдарынан төрт адам қаза тауып, ауыр жарақат алған екі әскери қызметкер төртінші қалалық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер олардың жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті борттық нөмірі 02 санымен белгіленген ұшақ ведомствоның авиациялық қызметіне тиесілі екенін растады.
Айта кетейік, бұл аталған ведомствоға тиесілі Ан ұшағының қатысуымен болған екінші трагедия. Осыған ұқсас жағдай 2012 жылы Шымкент маңында болған. Ол кезде Ан-72 апатынан 27 адам көз жұмды.