Өңірлер

ҰҚК әскери ұшақ апатына қатысты түсініктеме берді

ҰҚК Ан-26 апатының себебі анықталып жатқанын хабарлады. Қазір дәрігерлер тірі қалған әскери қызметкерлердің өмірі үшін күресуде
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 наурыз – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті апатқа ұшыраған ұшақ ведомствоның авиация қызметіне тиесілі екенін растады.  

"Авиациялық оқиғаның себебі анықталып жатыр. Бортта 6 экипаж мүшесі болды, оның төртеуі қаза тауып, екеуі ауыр жарақатпен госпитальға жатқызылды", - делінген ҰҚК хабарламасында.

Еске сала кетейік, 13 наурызда сағат 17:22-де Ан-26 әскери ұшағы Алматы әуежайына қонған кезде апатқа ұшырады.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, жарақат алғандардың жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер зардап шеккендердің өмірін сақтап қалуға бар күшін салуда.

"Барлық кадр, соның ішінде қаланың бас реаниматологы жұмылдырылды", - деп хабарлады әкімдіктегілер.

Тірі қалғандар бас сүйек-ми жарақатын алған, аяқ-қолы сынып, денесін күйік шалған.

Бұған дейін Қазақстан президенті төрт экипаж мүшесінің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тапсырмасы бойынша ұшақтың апатқа ұшырау себебін анықтау жұмыстары басталғанын мәлімдеді.

"Бұндай оқыс оқиғалар қайталанбауы керек", - деп жазды президент Twitter-дегі парақшасында.