Оқиға

Тоқаев Алматы әуежайындағы трагедия туралы жазды

Ұшақ апатынан төрт адам қайтыс болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша трагедияның себептерін анықтау жұмыстары басталды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 наурыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы түбінде әуе апатынан қаза болған әскери қызметкерлердің туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Алматы әуежайында апатқа ұшыраған ұшақта қаза болған әскери қызметкерлердің туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуін тілеймін. Менің тапсырмам бойынша әуе апатының себептерін анықтау жұмыстары басталды. Бұндай оқыс оқиғалар қайталанбауы керек", - деп жазды президент Twitter-дегі парақшасында.

Еске сала кетейік, Нұр-Сұлтан-Алматы бағытында ұшқан Ан-26 әскери ұшағы апатқа ұшырап, төрт адам қайтыс болды, тағы екеуі Алматы облысының Іле ауданындағы ауруханаға жатқызылды.

Алматы түбіндегі ұшақ апатынан 4 адам қаза тапты – ТЖМ 

Ұшақ радардан жоғалып, Алматы әуежайына апатты жағдайда қонғаны туралы ақпарат 13 наурызда сағат 17:25-те түсті. Апат болған жерде өрт шықты. Қазіргі уақытта өрт сөндірілді. Оқиға орнына 10 реанимациялық жедел жәрдем бригадасы келді.