НҰР-СҰЛТАН, 12 наурыз — Sputnik. ТМД-ға мүше мемлекеттер пандемия мен экономикалық дағдарыстан ақырындап бас көтеріп келеді. Бірақ ұлттық экономиканың бұл сынақтағы шығыны аз болмай тұр. Осыған қарамастан 11 наурыз күні өткен Мәскеу – Минск – Бішкек – Кишинев – Нұр-Сұлтан дөңгелек үстеліне қатысушылар болашаққа оптимистік көзқараспен жоспар құрып отыр. ТМД елдері шығын көлемін қандай әдістер арқылы азайтатыны туралы Sputnik материалында.
Экономика тұралап қалды
Өткен жыл ТМД-ның барлық елі үшін ауыр болды. Жыл қорытындысы бойынша қауымдастық кеңістігінде негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер төмендегені байқалды. Мемлекеттер арасындағы өзара сауда да 2019 жылмен салыстырғанда 12,5%-ке қысқарды.
Республикадағы экономика және қаржы министрлігінің өкілі Алмаз Абдекиров пандемия салдарынан ең үлкен шығынға тап болған Қырғызстан екенін айтты.
"Егер барлық ТМД мемлекетін салыстыратын болсақ, онда Қырғызстандағы экономикалық өсімнің төмендеуі айтарлықтай жоғары болды. 2020 жылы елдегі ЖІӨ 8,6%-ке қысқарды. Шекаралардың жабылуы біз үшін ең үлкен проблемаға айналды. Тауар импорты 26%-ке қысқарып, өндірушілер шикізат жеткізудің жаңа арналарын іздеуге мәжбүр болды", - деді ол.
Молдова да пандемияның ауыр зардабын тартты. Елдегі қаржы министрлігінің мемлекеттік хатшысы Юлиана Дрэгэлиннің айтуынша, өткен жылы ТМД елдерімен сыртқы сауда айналымы 2019 жылмен салыстырғанда 7,3%-ке, импорт 7%-ке, ЖІӨ 8,2%-ке төмендеген.
Бәрінен де ауыл шаруашылығы саласына келген шығын ауқымды болды. Эпидемиологиялық шектеулер мен ұзаққа созылған құрғақшылық салдарынан Молдовада ауыл шаруашылығы өнімінің өндіріс көлемі 27%-ке төмендеді. Бұл жөнінде республикадағы ауыл шаруашылығы, өңірлік даму және қоршаған орта министрінің міндетін атқарушы Ион Пержу мәлімдеді.
"Өткен жыл соңғы 30 жылдағы ең ауыр жыл болды. Біз күздік дақылдардың 50%-ін жоғалттық және күнбағыс пен жүгері бойынша да дәл осындай шығынға ұшырадық", - деді ол.
РФ өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Алексей Грудзев мемлекеттік қолдау шараларының есебінен Ресейде пандемияның экономикаға салдарын біршама жеңілдетуге мүмкін болғанын айтты.
"Өнеркәсіптік өндіріс тұрғысынан құлдырауды мейлінше азайта алдық. Бүгінгі күні жалпы өнеркәсіптік өндіріс 2,6%-ке төмендеді деп болжануда. Бірақ бүтіндей бір экономикалық секторлардың белсенділігі тоқырап, қызмет көрсету саласы және азық-түліктік емес сауда айтарлықтай зардап шекті", - деді ол.
2020 жылы Беларусьтегі өнеркәсіптік өнеркәсіп те 0,7%-ке қысқарды. Алайда республикадағы өнеркәсіп министрінің орынбасары Сергей Гунко айтқандай, шетелдік жабдықтаушылармен шартты бұзу салдарынан болған шығын көлемі 1 миллиард доллар асып кеткен.
Болашақ кооперацияда
Іс-шараға қатысушылардың пікірінше, өнеркәсіптік кооперация мен өндіріс тізбектерін дамыту, сондай-ақ өзара сауданы кеңейту арқылы пандемияның жағымсыз салдарын жоюға болады.
Алексей Грудзев бұл дағдарысты ТМД кеңістігіндегі сауда қатынастарының қаншалықты тұрақты екенінің сынағы іспеттес деп бағалады.
"Алдыңғы кооперациялық байланыстардың бұзылуы кезінде біз резервтік жабдықтау арналарын іске қосып, жаңа жабдықтаушылар іздедік. Болашақта ынтымақтастықты қалыптастыру кезінде бізге ең алдымен жақын серіктестерімізбен қарым-қатынасты дамыту қажет", - деді ол.
Сергей Гунько да осы ұстанымға қолдау білдірді. Ол пандемия кезінде Беларусь Еуропа елдеріндегі көп жабдықтаушыларынан айырылғанын еске салды. Алайда ТМД бойынша белорус серіктестері "бірнеше күннен кейін-ақ диалог пен жұмысты қалыпқа келтіре алды".
Сонымен қатар Беларусьтің өнеркәсіп министрлігінің өкілі нарықтағы бәсекелестікті күшейтпес үшін бірдей өндіріс қуатын құрмай, өнеркәсіптік кәсіпорындардың құзырын бөліп, ТМД-ның ортақ нарығы үшін қажетті өнімдер шығару керектігін баса айтты.
Алмаз Абдекиров те өнеркәсіптік кооперацияны күшейту қажеттілігі туындағанымен келісті.
"Біз өнеркәсіптік кооперацияны күшейтіп, өзара сауда бойынша кедергілерді алып тастау керекпіз. Бүгінде сауданың дәстүрлі әдістері кейінге ысырылып, оның орнын цифрлық сауда басып келе жатқанын ұмытпауымыз керек. Сондықтан оны реттеу бойынша ортақ позиция әзірлеу қажет", - деді ол.
Беларусь сауда-өнеркәсіптік палатасы төрағасының орынбасары Денис Мелешкин сауалнама нәтижесіне сәйкес, республикадағы бизнесмендердің 25%-і ғана онлайн-саудаға көшуге дайын.
"Белгілі бір деңгейде бизнес "цифрлық" режимде жұмыс істеуге әлі де дайын емес. Біздің мақсатымыз – тек реттеу нормаларын әзірлеу емес, сондай-ақ кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Мысалы, интернет-көрмелер ұйымдастыру. Бұл ТМД елдеріндегі бизнесмендер бір-бірінің тауарын көріп, байланысты үзбеуіне және болашақта үшінші елдің нарығына шығуына ықпал етеді", - деді Мелешкин.
Кездесуді қорытындылаған Бүкілресейлік сыртқы сауда академиясының (БССА) интеграциялық процестерді дамыту институтының директоры Андрей Точин алдағы жылдардың негізгі екі міндетін атады: ТМД елдерінің экономикалық даму деңгейін жақындату және өзара сауданы ынталандыру.
Дөңгелек үстелге қатысушылардың барлығы ТМД-ға мүше мемлекеттер дағдарыс салдарын төмендету үшін қолдан келгеннің барлығын жасап жатқанын айтты. Жалпы 2021 жылдың басындағы макроэкономикалық көрсеткіштер аз да болса үміт сыйлап тұр. Расында да экономкика ақырындап қалыпқа келіп жатыр.
"Бүгін пікір алмасу кезінде өте көп ұсыныс жасалды. ТМД атқарушы комитеті олардың барлығын жинақтап, талдау жасайды да, салалық кеңестердің қарауына арналған идеяларды ұсынады", - деп қорытты шара модераторы, ТМД атқарушы комитетінің экономикалық ынтымақтастық департаментінің басшысы Михаил Мыскин.