Қоғам

Қазақстан Оңтүстік Кореямен сотталғандарды беру туралы шартты ратификациялады

Бұл құжат Оңтүстік Корея аумағында жасаған қылмысы үшін жазасын өтеп жатқан Қазақстан азаматтарын отанына қайтаруға мүмкіндік береді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 наурыз — Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы" заңға қол қойды, деп хабарлады Ақорда.

Ресми мәліметке сәйкес, Кореяда 35 мыңға жуық қазақстандық бар. Олардың ішінде 24 мың адам заңды түрде тұрса, 11 мың азаматымыз заңсыз жүр.

Оқи отырыңыз: Кореяда сотталған қазақстандықтар қайтарылады – парламент заң қабылдады 

Бұған дейін екі ел арасында құқықтық көмек көрсету және қылмыс жасаған адамдарды ұстап беру туралы шарттар ратификацияланған болатын. Ал осы келісімшарт сотталған адамдарды беру шараларын көздейді.

Заңда сотталған адамды берудің нақты талаптары мен шарттары көрсетілген. Олар:

  • сотталған адамның Қазақстан немесе Корея азаматы болуы;
  • сот үкімінің заңды күшіне енуі;
  • жазаны өтеу мерзімінің бір жылдан кем болмауы;
  • жасалған әрекеттің екі елде де қылмыс ретінде танылуы;
  • сотталған адамның жазбаша өтініш беруі;
  • екі мемлекеттің де өзара беруге келісуі.

Осы талаптар сақталмаса, сотталған адам берілмейді. Ал Қазақстан мен Кореяның заңдары сәйкес болмаса, онда сот үкімін Қазақстан заңында көзделген жазаға сай келтіреді. Алайда жазаның сипаты мен ұзақтығы Корея соты тағайындаған жазадан қатал болмауы тиіс.

Қазір Кореяда 23 қазақстандық жазасын өтеп жатыр. Ал Қазақстанда сотталған бір Корея азаматы бар.