АЛМАТЫ, 12 наурыз – Sputnik. Алматыда 700-ге жуық құқық қорғау органы қызметкері мен 300-ден астам мұғалімге вакцина салынды. Бұл туралы брифинг барысында Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасы орталық қалалық клиникалық ауруханасының инфекциялық бақылауды қамтамасыз ету жөніндегі директоры орынбасарының міндетін атқарушы Эльвира Ибрагимова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"2021 жылдың 1 ақпанынан бастап вакцинацияның бірінші кезеңін аяқтадық. 1 624 медицина қызметкері Спутник V препаратының екі компонентін алды. Вакцинаның екінші кезеңі 1 наурызда басталды. Алматы қаласына қосымша 10 800 доза жеткізілді. Құқық қорғау органдарының 658 қызметкері мен 310 мұғалімге вакцина салынды", - деді Ибрагимова.
Айтуынша, вакциналау күн сайын жүргізіледі. Ол үшін 36 медицина мекемесінде вакциналау бөлмесі ұйымдастырылған. Сондай-ақ, полиция қызметкерлеріне ыңғайлы болу үшін вакциналау жексенбіде де жүргізіледі. Кешкі сағат 17.00-20.00 арасында да вакцина салынады.
"Наурыздан кейін вакцина салдыратындар тізімі кеңейтіледі. Ол үшін Алматы қаласына қосымша 16 300 вакцина дозасы жеткізіледі. Студенттер мен вакцина салуға болатын адамдарға саламыз", - деді ол.
Одан кейін сәуір, мамыр, маусымда тағы да вакцина жеткізіледі.
Маманның айтуынша, студенттерден кейін созылмалы ауруы бар адамдарға, мемлекеттік қызметкерлерге, әскери қызметкерлерге вакцина салынады.
Айта кетейік, Қазақстанда 1 ақпанда жаппай вакцинациялау басталады. Ресейлік "Спутник V" вакцинасы ерікті түрде және тегін салынады. Вакцина 18 жасқа дейінгі балаларға салынбайды.