НҰР-СҰЛТАН, 11 наурыз – Sputnik. Павлодар қаласында көлік сататын танымал интернет сайт арқылы жүздеген адамды алдап кеткен алаяқтар ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, Павлодар қаласының екі тұрғыны үш ай бойы ұялы телефон арқылы "ВАЗ 2107", "ВАЗ 2114", "ВАЗ 2170" және "ВАЗ 2190" маркалы автомобильдерді 250 мыңнан 400 мың теңгеге дейін төмендетілген бағамен сататыны туралы Kolesa.kz сайтына хабарландыру берген. Көліктердің фотосын сол сайттың өзінен көшіріп алған.
"Ал сатып алушылар хабарласқаннан кейін басқа адамдарға тіркелген Kaspi Gold карталарына алдын ала төлем жіберуді сұраған. Ақшаны алған бойда абоненттік нөмірлерді лақтырып отырған. Бұл адамдар осы жолмен 300-ден астам алаяқтық қылмысын жасады деген күдікке ілініп отыр", - дейді облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.
Қазіргі кезде алаяқтық фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 2-бөлімі (алаяқтық, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Күдіктілер Павлодар қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Облыстық полиция департаменті осы іспетті алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарды тұрғылықты мекенжайы бойынша полицияға арыздануды сұрайды.