НҰР-СҰЛТАН, 11 наурыз – Sputnik. Ғалымдар жаңа вирусты толығымен білмегеннен кейін сан алуан өзгерістер болды, коронавирусты емдеу хаттамасын да талай рет түзетуге тура келді. Ал осы індеттен қайтыс болғандардың саны 2,6 миллионнан асты. Sputnik Қазақстан пандемияның бір жылы қалай өткенін еске алды.
Вирус қолдан жасалған ба
Қытайдағы белгісіз вирус туралы алғашқы ақпараттар 2019 жылдың желтоқсан айында тарала бастады. Инфекцияның шыққан жері де анықталды. Ол - Ухань қаласындағы теңіз өнімдерінің базары. Індет жұқтырғандардың саны күн сайын өсті. Содан қаңтар айында Уханьді карантинге жауып тастады. Қатаң шектеу шаралары енгізілді. Ал бір айдан кейін Дүнижүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пандемиясын жариялады.
Сол кезде осы ұйымды пандемияны кеш жариялағаны үшін сынаған мемлекет басшылары да болды. Мәселен, АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп ДСҰ-ның шешімі ертерек шығарылғанда шектеу шараларын уақытында қолға алып, науқастардың санын азайтуға болатынын айтты. Артынан қаржыландыруды тоқтататынын мәлімдеді. АҚШ-ты ұйым құрамынан да шығарып тастады. Дегенмен, жаңа президент Джо Байден билікке келген бойда бұрынғы қаулының күшін жойып, өз елін ДДҰ-ның мүшелігіне қайтарды.
Дегенмен өткен жылы мамыр айында Қытай үкіметінің бас медициналық кеңесшісі, эпидемиолог Чжун Наньшань Уханьдағы жергілікті биліктің бірнеше апта бойы науқастардың нақты санын көрсетпей, жаңа вирустың адамнан адамға жұғатынын жоққа шығарып келгенін айтқан. Қала басшылығы инфекцияны ауыздықтауға болады деп ойлады. Алайда қатты қателесті. Уақытты да өткізіп алды.
Мұнай бағасы құлдырады
ДДҰ-ның пандемияға қатысты шешіміне дейін ОПЕК+ мүшелері, атап айтқанда, Ресей мен Сауд Арабиясы мұнайды шектеу бойынша бір келісімге келе алмады. Содан 9 наурызда Brent маркалы мұнайдың бағасы бірден 31 процентке түсіп кетті.
Коронавирус пандемиясы да мұнайдың бағасына әсер етпей қоймады. Әлем бойынша шектеу шаралары енгізілгеннен кейін адамдар үйде отырды, көлік қозғалысы мен әуе қатынасы тоқтатылды. Содан мұнай мен мұнай өнімдеріне сұраныс күрт төмендеді. Шикізат нарығы тығырыққа тірелді. Бір айдан кейін WTI маркалы мұнайдың бағасы өз тарихында алғаш рет минусқа кетті. Ал Brent-тің бір баррелі 20 доллардан төмен түсті. Мұнай өндіруші елдердің ұлттық валютасы құнсызданды. Мәселен, Қазақстанда бір доллардың бағамы 460 теңгеге дейін барды. Артынан ОПЕК+ елдері бір келісімге келгеннен кейін мұнай саласындағы жағдай біртіндеп түзеле бастады.
Қазіргі кезде Brent маркалы мұнайдың бағасы 65-70 доллардың маңайында болып тұр. Ал WTI-дің бір баррелі 60-65 долларға сатылып жатыр.
Вирус құрбаны аз емес
2020 жылы сәуір айында Ухань ашылды. Қытайда шектеу шараларын жеңілдете бастады. Ал әлем елдері, керісінше, қатаң карантинге кірді. Себебі вирус жұқтырғандардың саны күрт өсті. Жаһандық дүрбелең басталды. Індетке шалдыққандардың арасында өз-өзіне қол салған адамдар да болды.
Пандемия басталғалы бері әлем бойынша 117 миллион адамның коронавирус жұқтырғаны ПТР-тестпен расталды. Осы уақытқа дейін басым бөлігі жазылып шықты. Бірақ қайтыс болғандардың саны аз емес. Ресми мәліметке сәйкес, коронавирустан 2,61 миллион адам көз жұмды. Құрбандардың саны жағынан алғашқы ондыққа, көбінесе, ірі мемлекеттер кіреді. Олар:
- АҚШ (522 818);
- Бразилия (265 411);
- Мексика (190 604);
- Үндістан (157 853);
- Ұлыбритания (124 501);
- Италия (99 785);
- Франция (88 574);
- Ресей (87 985);
- Германия (71 138);
- Испания (71 138);
Ал Қытайдағы коронавирус құрбандарының саны 4,6 мың адам болып тұр. Осы елде барлығы 90 мыңға жуық адам ауырып шыққан. Қазір 200-дей науқас тіркеліп отыр. Бүгінде әлем бойынша екі мемлекет – Солтүстік Корея мен Түрікменстан ғана коронавирустың тіркелгенін ресми түрде растамай отыр.
Пандемия қашан аяқталады
Коронавирус әлемді біраз әбігерге салды. Бас кезінде жаңа инфекция туралы ақпарат аз болды. Ғалымдар оны жан-жақты зерттеп жүргенде инфекция жай жатқан жоқ, адамдарды қынадай қырды. Ауруханаларда орын болмады. Барлық елде қосымша стационарлар салынды. Ал Қытай қысқа уақыттың ішінде коронавирус жұқтырғандарға арналған алып аурухананы тұрғызды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан вирусқа қатысты жаңа ақпарат шыққан сайын емдеу тәсілдері өзгеріп тұрды, шектеу шараларына түзету енгізілді. Науқастардың саны көбейсе, карантинді күшейтті. Ал азайғанда сәл жеңілдетті. Жұмыссыз қалғандарға бір реттік төлемақылар таратылды. Дегенмен, халық карантиннен шаршады. Содан кейбір елдерде наразылық акциялары өтті.
Дегенмен, пандемияның пайдасы да жоқ емес. Карантин кезінде адамдар отбасылық құндылықтардың мәнін түсіне бастады. Гигиенаға басымдық берді. Осының нәтижесінде басқа инфекциялық ауруларға шалдығу көрсеткіші төмендеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес, коронавирус пандемиясы 2022 жылдың басында аяқталады. Себебі ғалымдар коронавирус туралы көп біледі. Бірнеше вакцина да шығарылды. Бүгінде жаппай екпе салу шаралары да басталып кеткен. Медицина мамандарының айтуынша, адамдардың 60-70 процентінде ұжымдық иммунитет болса, шектеу шараларын барынша жеңілдетуге болады. Демек, сол кезде пандемия да аяқталады.