Қоғам

Қазақстанда әдепсіз мемлекеттік қызметкерлер қай салада көп екені анықталды

Орталық мемлекеттік органдар арасында Қазақстанның Жоғарғы соты мен денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері жиі әдепсіздік танытатыны айтылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 наурыз — Sputnik. Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы (БҰҰДБ) және мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметкерлердің әдеп деңгейін бағалау бойынша әлеуметтік зерттеу жүргізді.

2020 жылы "Қоғамдық пікір" зерттеу институты жүргізген  сауалнамаға 7 мың респондент қатысқан. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, заңды тұлғалар, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар бар, деп хабарлады мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметі.

Сауалнама барысында респонденттер он балдық шкаланы қолдана отырып, бірқатар орталық мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілерінің әдеп деңгейін бағалады. Мұндағы "1" – өте төмен әдеп деңгейін білдірсе, "10" – әдептің өте жоғары деңгейін көрсетеді.

Осы шкала бойынша ең төменгі орташа бағалау Қазақстанның Жоғарғы сотына тиісті болды - 5,09. Ал ең жоғары көрсеткіш - цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде (8.01).

Аталған шкала бойынша 7 балдан төмен дауысқа ие болғандардың арасында ұлттық қауіпсіздік комитеті, көші-қон қызметі комитеті, қылмыстық-атқару жүйесы комитеті, бас прокуратура, конституциялық кеңес, ішкі істер министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігі бар.

Зерттеу мәліметіне сәйкес, 2018 жылы орталық мемлекеттік органдардағы мемлекеттік қызметшілер әдебін бағалау бойынша орташа балл 6,88-ді құрады. Сол уақыттан бері мемлекеттік органдар жүйесі өзгеріске ұшырап, бұл сауалнамаға бірқатар орталық мемлекеттік орган мен комитет қосылды.

"Қаржы министрлігі, сыртқы істер министрлігі, мәдениет және спорт министрлігі, білім және ғылым министрлігі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ауыл шаруашылығы министрлігі, энергетика министрлігі, ұлттық экономика министрлігі, әділет министрлігіндегі мемлекеттік қызметкерлердің әдептілік деңгейіне қоғам тарапынан баға беруде оң өзгерістер байқалады", - деп жазылған хабарламада.

Бас прокуратура бағалауы алдыңғы кезеңдегі зерттеу нәтижесімен бірдей деңгейде сақтаса, ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің әдебін бағалауда жақсы өзгерістер бар.

Жалпы, халық өз мұң-мұқтажын айтып, көмегіне жүгінген облыс/қала/аудан әкімдіктерінің қызметкерлерін әдеп бойынша бағалау нәтижесі 6,69 деңгейінде болды.

Егер облыс/қала/ауыл әкімдіктері қызметкерлерінің іс-әрекеттеріндегі әдепті бағалауды облыс бойынша қарастырсақ, онда бұл рейтингте Қостанай (9,08) мен Жамбыл (8,05) облыстарының әкімдіктеріндегі мемлекеттік қызметкерлерге ең жоғарғы орташа баға берілді.

Ал Алматы әкімдігінің мемлекеттік қызметкерлері ең төменгі балға ие болды (4,94). Сол сияқты мемлекеттік қызметкерлер салыстырмалы түрде төмен бағаланған әкімдіктердің қатарында Шымкент (5,25), Түркістан (5,52), Атырау (5,74), Ақмола (5,92) облыстары бар.