Өңірлер

Ақмола облысында жасөспірімдер зорлықшыдан әйелді арашалап қалды

Жұмыстан қайтып келе жатқан әйелді зорламақ болған күдікті қазір қамауда отыр. Жасөспірімдерге алғыс хат табысталды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 наурыз — Sputnik. Ақмола облысының Ақкөл қаласында үш жасөспірім әйелді зорлықшының қолынан құтқарып қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оқиға 9 наурыз күні кешке болған. Ер адам жұмыстан қайтып келе жатқан әйелге теміржол торабына жақын маңда бас салған.

"Ол әйелді соққыға жығып, жерге жатқызған. Дәл осы уақытта сол маңнан үш жасөспірім өтіп бара жатқан. Олар 14, 17 және 18 жаста. Жігіттер көмекке шақырған дауысты естіп, тез арада жеткен. Жасөспірімдерді көрген күдікті әйелді босатқан", - деп мән-жайды баяндады Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі. Одан кейін жас балалар 102 жедел желісіне хабарласқан.

Полиция қызметкерлері оқиға орнына жетіп, күдіктіні тез арада ұстады. Жәбірленуші мен куәгерлер оның жеке тұлғасын растады.

"Күдікті бұрын сотталған Ақкөл қаласының 56 жастағы тұрғыны болып шықты. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді баспасөз қызметі.

Күдіктіні қамауға алды

Құтқарушы жігіттердің бірі – Ақкөлдегі агротехникалық колледждің екінші курс студенті Данил Ноғаев.

Батылдығы мен жігерлігі және тәртіп сақшыларына көмек көрсеткені үшін Ақкөл ауданы полиция бөлімінің басшылығы жігіттерге алғыс хат табыстады. Облыстық ведомство да жас батырларды марапаттауды жоспарлап отыр. Қазір өңірдегі полиция департаментінің басшылығы осы мәселені қарастырып жатыр.