Қоғам

Аида Балаева ерекше балаларға арналған жобаның басталғанын хабарлады

Balapan телеарнасының жанынан "Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға арналған анимация мектебін" ашу туралы шешім қабылданды
Sputnik

АЛМАТЫ, 11 наурыз – Sputnik. Қазақстанда ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен ерекше балаларды анимацияға үйрету әлеуметтік жобасы басталды. Бұл туралы министр Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Жыл басында Balapan телеарнасының жанынан "Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға арналған анимация мектебін" ашу туралы шешім қабылданды. Қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсету – біздің басты міндетіміз. Әсіресе, ерекше балалар өздерін кем санамай, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезініп өсуі қажет", - деп жазды министр Facebook парақшасында.

Айтуынша, соған байланысты ерекше балаларды анимацияға үйрету жобасы қолға алынды.

"Анимация тек көңілді көріністер жиынтығы ғана емес, бұл – тәрбие мен білім құралы. Сондықтан осы салада тәжірибесі мол Оңтүстік Корея, Жапониямен әріптестік орнатып жатырмыз. Әзірге әлеуметтік мектепке 30 оқушы іріктелді. Сабақ  12 наурыздан басталады. Іріктеу нәтижесі көрсеткендей, ата-аналардың да, балалардың да қызығушылығы мол", - деді ол.

Оқи отырыңыз: Баспана кезегіне өзгеріс енгізілуі мүмкін – депутаттардың ұсынысы үкіметке жолданды 

Сол себепті келешекте осындай мектептердің саны артады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ министр елімізде тұңғыш рет қолға алынған жобаның жемісті болуына тілек білдірді.