Қоғам

Зағипа Балиева жаңа қызметке тағайындалды

Ол әр жылдары Орталық сайлау комиссиясының төрайымы, Қазақстанның әділет министрі, ҚР парламент мәжілісінің депутаты, Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарған
Sputnik

АЛМАТЫ, 10 наурыз – Sputnik. Зағипа Балиева Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу институтының проректоры қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ақпаратты оқу орнының ректоры Тілектес Есполов растады.

"Ректорлар кеңесінің отырысы болды. Жиын барысында Зағипа Балиева университеттің стратегиялық даму және инфрақұрылым, цифрландыру жөніндегі проректоры болып тағайындалды. Жұмысқа бүгін кірісті", - деді Тілектес Есполов Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Ректордың айтуынша, Зағипа Балиева мәжіліс депутаты болған кезде университетке қолдау көрсетіп, өзекті мәселелерді көтерген.

Айтуынша, Зағипа Балиева кешеден бері университетте жүр. 

Айта кетейік, Зағипа Балиева 1958 жылы Алматы облысы Кеген ауданы Жалаңаш ауылында туған. Киров атындағы мемлекеттік университетті заңгер-құқықтанушы мамандығы бойынша бітірген.

Әр жылдары Орталық сайлау комиссиясының төрайымы, Қазақстанның әділет министрі, ҚР парламент мәжілісінің депутаты, Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарған.