Экономика

Медициналық сақтандыру қоры депутат сынына жауап берді

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қызметкерлерінің жалақысы туралы премьер-министрге депутаттық сауал жолдады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 наурыз – Sputnik. Медициналық сақтандыру қоры басқарушы қызметкерлерге сыйақы төлеуге қатысты түсініктеме берді.

"2019 жылдың қаржы есебінде басқарма төрағасы мен орынбасарларына сыйақы ретінде 76,8 миллион теңге төленді. Барлығы төрт адам. Бұл шығыстарға еңбек заңнамасына сәйкес, жалақы, төленетін демалыс, сыйлықақы, еңбекке жарамсыздық төлемдері кіретіні туралы айта кету керек", - делінген қордың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Ақпаратта әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаржылық есептіліктің міндетті аудитін жүргізетіні айтылған. Ол қор сайтында және қаржы министрлігінің қаржылық есептілік депозитарийінің интернет ресурсында ресми жарияланады.

Еске сала кетсек, бүгін мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қызметкерлерінің жалақысына жұмсалған ақша туралы премьер-министрге депутаттық сауал жолдады.

Оның айтуынша, қордың төрт басқарма мүшесіне 77 миллион теңгеге жуық сыйақы төленген, яғни әрқайсысына – 19 миллион теңгеден. Депутат қордың басқарма мүшесі халықтан жалақысының қанша екенін осы үшін де жасырған шығар деген болжам айтты. Коммерциялық құпия деп ақтала бастады, өкініштісі, бұл жағдай адамдардың жарнасы мен аударымдары есебінен ұсталатын мемлекеттік қорда болып отыр, деп ашынды депутат.