АЛМАТЫ, 10 наурыз – Sputnik. Әнші, көпбалалы ана Қарақат Әбілдина мереке күні Алматыда бір топ әйелдің жиналғанына қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әнші жиналғандардың әрекетін ардан безген азғындарды қолдау деп атады.
"Бір топ қазақ қыз-келіншектері ардан безген азғындардың тірлігін қолдауды сұрап шеруге шықты. Қазақ деймін-ау, әсте қазақ емес болар. Ұлттық құндылықтан ада, ар-ұяттан жұрдай, ардан безген азғындар бір жынысты жұпты, жезөкшелікті, тағы бірсыпыра айтайын десең ауызға ұят, естиін десе құлаққа ұят сөздерді айтып, сондай топтардың құқығын заң бойынша қорғауды талап еткен", - деп жазды Әбілдина.
Ол сондай-ақ, әлеуметтік желіде тарап жатқан фото-видеоларды әрі қарай таратпауға шақырды. Оның сөзінше, видео арқылы оларға жарнама жасалады.
"Менің парақшамда 7 жастағы баладан 70 жасқа дейінгі қалың халық отыр. Жантүршіктірер видеоны салу керек деп таппадым. Мұндағы миллиондаған оқырманға ол қасиетсіздердің атын атап, түсін түстеп көрсеткім келмейді", - деді ол.
Сонымен қатар әнші бір топ әйелге көшеге шығуға кім рұқсат бергенін сұрады.
"Жалпы ол азғындарды тап мереке күні Алматының ең басты көшелерімен тайраңдатып сағаттап жүргізіп қойған қай күш? Кімге сеніп шықты олар шеруге? Кімге арқа сүйеп, сағаттар бойы сайрап тұр?! Демек, қолдаушысы бар болғаны да! Масқара! Қайда бара жатырмыз?! Әлеуметтік желіде ЛГБТ қолдайтын парақшалар толып жүр. Кәдімгі қазақ редакторлары бар. Тіпті өздерінің тегін курстарын жасап қойған. Оларды кім қаржыландырып отыр?", - деп сұрады Әбілдина.
Ол қоғамның қорқынышты болып бара жатқанын айтып, қыз тағдыры, әйел тақырыбы қиындап тұрғанын жеткізді.
"Мына сұмдыққа нүкте қойылсын деп әрбіріміз үн қосуымыз керек. Естісек те естімегендей, көрсек те көрмегендей болып, "сен тимесең мен тиме" деп маңқиып отыра беру қазақтыққа, арға сын. Сондықтан, хат, пікір жазып, дабыл қағып, мына сорақылықты тоқтату керек! Әйтпесе, ұлт тәрбиесі, ел болашағы бұлыңғыр", - деп жазды әнші.
Ал оның алдында әнші Сәкен Майғазиев Алматыда бір топ әйелдің жиналуын "гендерлік теңдік" деп генді құртуға жасалған геноцид, қазақ деген халықты жоқ қылу мақсатында жасалып жатқан мылтықсыз майдан деп атады. Актриса Айгүл Иманбаева феминистердің видеосын көріп қынжылғанын жазды.
Айта кетейік, 8 наурызда Алматыда жүздеген әйел көшеге шықты. Бұл жергілікті билік өкілдеріне ескертілген, ұйымдастырылған шара болды.
Шеруге қатысушылар әйелдер құқығын қорғау үшін көшеге шыққанын айтып отыр. Ал негізгі талаптары – тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңды күшейту, бірдей еңбекақы енгізу, "әйелдерге тән емес" кейбір мамандықтарға жол ашу.