Қоғам

Қызмет бабында қаза тапқан полицейлердің отбасына тұрғын үй төлемі сақталатын болды

Сенатордың айтуынша, осы кезге дейінгі қолданыстағы заңда полицейлер қызметтік міндетін атқару кезінде жарақат алып, мертіксе немесе қаза тапқан жағдайда, тұрғын үй төлемдерін төлеу мәселесі реттелмеген болатын
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 наурыз – Sputnik. Парламент қызмет бабында қаза тапқан полицейлердің отбасына баспана төлемін төлей беруді көздейтін заңды қабылдап, президенттің қол қоюына жіберді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бұған дейін сенат ішкі істер органдары қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін төлеу туралы заң жобасына түзету енгізіп, мәжіліске кері қайтарған болатын.

"Енгізілген түзетулер қызметтік міндетін атқару кезінде мертігуіне, жарақатына, контузияға байланысты органдардан шығып қалған ішкі істер органдары қызметкерлерін, сондай-ақ қызмет бабында қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғауға, атап айтқанда оларға бұған дейін тағайындалған тұрғын үй төлемдерін сақтауға бағытталған. Комитет сенаттың заң жобасына енгізген толықтыруымен келісуді ұсынады", –  деді мәжілістің экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы, депутат Александр Милютин.

Мәжіліс депутаттары сенаттың түзетулерін бірауыздан мақұлдап дауыс берді.

Парламент қабылдаған заң президенттің қарауына жіберілді.

Айта кетсек, заң ішкі істер органдары қызметкерлерінің кейбір санаттарын баспанамен қамтудың жаңа жүйесіне көшуді көздейді.

"Қазір ішкі істер органдарының қызметкерлеріне тұрғын үйді жалға алғаны үшін ай сайынғы төлем төленеді. Алайда, ол баспананы өз меншігіне өткізуге мүмкіндік бермейді. Осы заң жобасы қабылданса, бұл ақшаны баспана арендасын төлеуге де, қолданыстағы ипотекалық бағдарламалар аясында тұрғын үйді сатып алуға да жұмсауға болады", – деген еді бұған дейін сенатор Сергей Ершов.

Оның айтуынша, заң жобасында полицейлер қызметтік міндетін атқару кезінде жарақат алып, мертіксе немесе қаза тапқан жағдайда, тұрғын үй төлемдерін төлеу мәселесі реттелмеген.

Оқи отырыңыз: Тоқаев әскери қызметшілерге берілетін төлем өсетінін мәлімдеді

Осыған байланысты сенаторлар қызмет бабында жарақат алып, жұмыстан шығып қалған немесе қаза тапқан ішкі істер қызметкерлерінің отбасыларына бұрын тағайындалған тұрғын үй төлемін сақтауды ұсынды.