Шариғат бойынша қабірді зиярат жасау мұсылман үшін сауапты іске жатады. Зиратқа кірген кісінің "Йасин" сүресін оқып, сауабын марқұмдарға бағыштауы – сүннет. Ол қабір иелеріне жеңілдік береді.
"Ал арнайы зиярат мақсатымен барғанда егер білсе "Фатиха" сүресін, "Бақара" сүресінің алғашқы 5 аятын, "Аятүл курсиді", "Мүлк" сүресін, "Тәкәсур" сүресін, "Ықылас", "Фәлақ", "Нас" сүрелерін немесе білетін сүрелерді оқып, соңында: "Уа, Алла Тағалам, осы оқыған қасиетті аяттардың сауабын (тегі, аты, әкесінің есімі) деген пендеңе бағыштадым, қабыл ете гөр" деп дұға жасаса сауабы тиеді", - дейді имамдар.
Оқылған Құранның сауабын сондай-ақ Мұхаммед пайғамбарымызға, барша марқұм болған мұсылмандардың рухына бағыштаған дұрыс. Марқұмның өз есімі мен әкесінің атын айтқан абзал. Зиярат жасау кезінде тұрып та, отырып та дұға етуге болады. Құранды оқығанда жүзді Құбылаға қаратып, дұрыс әрі сауатты оқу керек.
Шариғат бойынша тыйым салынған амалдар да бар. Олар:
- қабір басында ұйықтамау, дәрет сындырмау, ойнап-күлмеу, әзілдеп-қылжақтамау;
- зират маңында пайдасыз, бос сөздер айтпау;
- қабір басында намаз оқымау, құлшылық жасамау, оны айналып тауап етпеу;
- қабірде жатқан кісіге табынбау;
- қабір басындағы ағаштарды сындырмау, шөпті жұлмау (тазалық мақсатында қураған ағаштарды кесуге, шөбін оруға болады);
- зират ішінде ішімдік ішу, темекі шегу, насыбай ату сынды жөнсіз істер жасамау;
- Зираттағы кесенені мешітке айналдырмау, онда құлшылық жасамау;
- қабірлерді сипамау, тауап жасап айналмау.
Зиярат жасаудың арнайы уақыты жоқ. Аптаның кез келген күнінде зиярат жасауға рұқсат. Бірақ дәрет алып бару қажет.
Сосын қорымға кіргенде барлық қабір иесіне Алладан рақым тілеп сәлем берілуге тиіс.
"Уа, муминдер мен мұсылмандардан болған қауым! Алла бізден бұрын дүние салғандарға және бізден кейін бақилық болатындарға рақым етсін! Алладан өзіме де, сіздерге де есендік тілеймін! ", - деп сәлем берген жөн.
Әйелдердің зиярат жасауына қатысты бірнеше шарт бар. Олар:
- қабір зияраты ниетімен шыққанда, сәнденбеу, иіс су себінбеу;
- шариғат талаптарына сай (ұзын етек, ұзын жең, орамал тағу) киіну;
- қабір басында ұстамдылық таныту, дауыс шығарып жыламау, орынсыз сөйлемеу, дауыс көтермеу;
- зиярат барысында бөгде ер азаматтармен араласып жүрмеу, әдеп сақтау;
- қабірді зиярат ету үшін күйеуінің рұқсатын алу (тұрмыс құрған әйелдер үшін).
Айта кетейік, "Зират және зиярат мәдениеті" құжаты Қазақстанда зираттарды тұрғызудың әрі оларды зиярат етудің үрдісін бір ізге келтіріп, өзіндік мәдениетін қалыптастыру мақсатында әзірленген болатын. Ал ондағы шарттар Ислам діні мен ата-бабаларымыздың озық дәстүрлеріне негізделген.