НҰР-СҰЛТАН, 9 наурыз – Sputnik. Instagram әлеуметтік желісінде Түркістан облысындағы Бадам өзенінде маринка балығының қырылып қалғаны туралы ақпарат жарияланды. Видеода жергілікті тұрғындар су бетінде ақ көбік пайда болғанын көрсетті.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Арал-Сырдария облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының Түркістан облысы бойынша балық инспекциясы бөлімі Шымкент қаласының экология департаменті, табиғатты қорғау полициясы және ветеринарлық қызмет өкілдерімен бірлесіп, оқиға орнына барды.
"Экология, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің және ветеринарлық қызметтің қызметкерлері зертханалық зерттеулер жүргізу үшін су мен балықтан сынама алды", – делінген хабарламада.
Айта кету керек, өзеннің кейбір учаскелерінде судың түсі бұлтты ақтан бұлтты қоңырға дейін өзгерген. "Балық шаруашылығы ҒӨО" ЖШС Арал филиалының алдын ала қорытындысына сәйкес, маринканың қырылуына жаңбыр және тасқын судың салдарынан су сапасы мен температурасының өзгеруі себеп болған.
Балықтың қырылуының нақты себебі зертханалық зерттеулердің нәтижесін алғаннан кейін белгілі болады.
"Жүздеген жылқы қырылды": Қызылорда облысында тараған аурудың себебі анықталды
8 наурыз күні сағат 20:00-дегі жағдай бойынша Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының цемент зауыты ауданында инспекция қызметкерлері 20 килограмм маринка балығын жинады. Өлген балықтарды жинау жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Бадам өзені Түркістан облысының Төлеби, Сайрам, Ордабасы аудандарының және Шымкент қаласының аумағы арқылы ағып өтеді. Ұзындығы – 141 километр.