АЛМАТЫ, 8 наурыз – Sputnik. ESPN телеарнасының журналисі Сальвадор Родригес бұған дейін 2021 жылдың мамырына жоспарланған Головкин мен Мунгия арасындағы жекпе-жек өтпей қалуы мүмкін екенін айтты. Ол бұл тұжырымды мексикалық спортшымен жұмыс істейтін промоутерлік компанияның өкілімен сөйлескеннен кейін жасады.
Журналистің айтуынша, Хайме Мунгияның промоутерлік компаниясы Zanfer Promotions спортшының келесі жекпе-жегі 24 сәуірде өтеді деп мәлімдеген, деп хабарлайды Sports.kz.
Алайда спортшының қарсыласының аты аталмады. Мунгияның келесі жекпе-жегі туралы келесі аптада хабарланады.
Бұған дейін Мунгия келесі жекпе-жегін 7 мамырда қазақстандық Геннадий Головкинге қарсы өткізеді деп жоспарланған болатын.
Тағы оқыңыз: Головкиннің қарсыласы және жекпе-жек өтетін күн белгілі болды
Журналист Сальвадор Родригестің айтуынша, Мунгияның сәуірдегі жекпе-жегі оның GGG-мен алаңға шығу мүмкіндігін жоққа шығарады.
Айта кетейік, Головкин мен Мунгия 2018 жылы жұдырықтасуы қажет еді. Алайда Невада штатының комиссиясы 24 жастағы мексикалықты мұндай титулдық жекпе-жектер үшін жас деп санады.
Қазірге дейін Хайме Мунгия кәсіпқой рингте 36 жекпе-жек өткізіп, бірде-бір рет жеңілген жоқ. 29 кездесуі нокаутпен аяқталды.