Өңірлер

"Сен үшін өлемін": Ақтауда ер адамның әрекеті жұртты шошытты - видео

Ер адам мас болған, ол бұл әрекетке тек әйелін қорқыту үшін ғана барғанын айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 наурыз – Sputnik. Ақтау қаласында ер адам 8-қабаттан құлап кете жаздаған. Оқиғаның видеосы желіде тарап кетті, деп хабарлады Lada.kz порталы.

Видео 7 наурызға қараған түні түсірілген. 13 ықшамаудандағы үйде тұратын ер адам 8-қабаттан құлап кете жаздады. Видеодан оның кіреберістің дала арқылы өтетін галереясында темір таянышты екі қолымен ұстап, жоғары қабаттан салбырап тұрғанын көруге болады. Үстінде ішкі киім мен шұлық қана болған. Бірнеше адам оны көтеріп, ішке кіргізгісі келіп жатыр. Алайда оның қарсы екені дауысынан байқалып тұр. "Сен үшін өлемін" дейді ол. Арғы жағында "Ей, жан, кірші" деген әйелдің дауысы естіледі. Бірақ ер адам кірмеймін деп, үзілді-кесілді қарсы болады. Соған қарамастан, бәрі жабылып, оны ішке кіргізген.

Облыстық полиция департаменті ер адамның мас болғанын хабарлады. Әйелімен ұрсысып қалғаннан кейін 8-қабаттан секіремін деп қорқытқан. Полиция екеуін де кезекшілік бөлімшеге жеткізді. Ер адам бұл әрекетке тек әйелін қорқыту үшін ғана барғанын айтты. Бірақ, шын мәнінде, секіруді ойламаған. Полицейлер профилактикалық әңгімелесуден кейін ерлі-зайыптыны үйіне жіберді.