Өңірлер

Байқоңырға қаруланған адамдар кірмек болды

Үш ер адам бейнебақылау камерасына түсіп қалғаннан кейін ұсталды, олардан тапанша мен шолақ мылтықтар табылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 7 наурыз – Sputnik. Байқоңырда қару-жарақ пен оқ-дәріні заңсыз сақтаған күдіктілер ұсталды. Қалалық әкімшіліктің қауіпсіздік және режим басқармасының ақпаратынша, полиция қалаға кірмек болған қаруланған топтың жолын кесті.

"Байқоңыр" кешеніндегі Ресей ІІМБ кезекшілік бөліміне "БайконурСвязьИнформ" МУК бейнебақылау бөлімінің технигінен хабарлама түсті. Мониторинг барысында Ақай ауылдық округі жағынан қару-жараққа ұқсас заты бар бір топ адам көрінген,- деді Sputnik Қазақстанға қауіпсіздік және режим басқармасынан.  – Қалаға кірген адамдар жетінші шағын ауданына қарай бет алған, автокөлікке отырып, белгісіз бағытта кетіп қалған".

Полиция жедел іздестіру шараларын бастады, автокөлік те, видеоға түсіп қалған үш азамат та табылды.

"Ұсталғандардан 4 патрон және тегіс ұңғылы шолақ мылтық тәркіленді. Сонымен қатар, автокөлік жанынан қосауыз шолақ мылтық, маркасы белгісіз травматикалық тапанша мен 5 оқ табылды", - деді басқармадан.

Қаруланған топтан тәркіленген оқ-дәрі атуға арналған.

Ресей ІІМБ анықтау бөлімі Ресей Қылмыстық кодексінің 222-бабында (Қаруды, оның негізгі бөліктері мен оқ-дәріні заңсыз алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе өзімен бірге ұстау) көзделген қымыс белгілері бойынша қылмыстық іс қозғады.

Бұл бап бойынша 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, деп мәлімдеді басқармадан.

Еске салсақ, Ресей Қазақстаннан Байқоңырды 2050 жылға дейін жалға алған.