НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз – Sputnik. Шымкентте із-түзсіз жоғалып кеткен оқушы қыз аман-есен табылды, деп хабарлады Polisia.kz.
2021 жылдың 3 наурызында Шымкент қаласы полиция департаменті Еңбекші ауданы полиция басқармасына жергілікті тұрғын өзінің кәмелет жасына толмаған қызы мектепке кетіп, қайта оралмағанын хабарлаған.
Отбасы қызын өздері жан-жақты іздеп таппағаннан кейін полицейлердің көмегіне жүгінген.
Шымкент қаласы полиция департаменті Еңбекші ауданы полиция басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізді.
Тәртіп сақшылары мен учаскелік полиция инспекторлары сол маңдағы барлық көше мен аулаларды мұқият қарап шығып, өтіп бара жатқан тұрғындардан сұрастыру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде жоғалған қыз аман-есен табылып, отбасымен қауышты.