Экономика

Министр Қашағандағы жоба мен бес жаңа зауыт туралы айтты

Шымкентте қуаты жылына 81 мың тонна полипропилен және 57 мың тонна бензинге арналған октан арттырғыш қоспаларды өндіретін жаңа зауыт салынады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз – Sputnik. Қазақстанда 2025 жылға дейін бес жаңа мұнай-газ химия зауыты пайда болады. Бұл туралы энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айтуынша, министрлік мұнай-газ химия өндірісін жеделдету және әлеуетті инвесторлар үшін тартымды жағдай жасау үшін Мұнай-газ химияны дамыту жөніндегі ұлттық жоба әзірлейді.

Жоба мұнай-газ химия жобаларын шикізатпен қамтамасыз ету, мұнай-газ химия кластерін құру, қайта өңдеуді дамыту мәселелерін шешуге бағытталған.

Бұдан бөлек, мұнай-газ химия жобасын іске асыру кезінде үкімет пен инвестор арасында жеке келісім әзірлеу мәселесі пысықталуда.

"Жоғарыда аталған шаралар 2025 жылға қарай 5 зауыттың құрылысын аяқтауға мүмкіндік береді. Оның ішінде Атырау облысында үш зауыт: қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт; техникалық газдар – қуаты 57 миллион текше метр азот және 34 миллион текше метр құрғақ сығылған ауа өндіру бойынша; қуаты жылына 430 мың тонна полиэтелентерефталат өндіру бойынша үш зауыттың құрылысы аяқталады", - деді Ноғаев энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.

Сондай-ақ, Шымкентте қуаты жылына 81 мың тонна полипропилен және Шымкент мұнай өңдеу зауытының шикізаты базасында қуаты жылына 57 мың тонна бензинге арналған октан арттырғыш қоспаларды өндіретін жаңа зауыт салынады.

Оқи отырыңыз: Тоқаев көміртегі саласындағы Қазақстанның 2060 жылға дейінгі жоспарын жариялады 

Оралда қуаты 182 мың тонна метанол және гликоль өндіретін зауыт бой көтереді.

Министр осы жобалардың арқасында өндіріс көлемі 9 есе артып, 2 миллион тонна мұнай-газ химия өнімін, ел экономикасына инвестиция көлемі шамамен 3,9 миллиард долларды құрайтынын атап өтті.

Қашағандағы жаңа жоба

Сондай-ақ, биыл Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Жоба құны – 860 миллион доллар.

"Осы жобаны іске асырудан күтілетін нәтиже – қосымша 800 миллион текше метр тауарлық газ өндіру және жаңа жұмыс орындарын құру, сондай-ақ, мұнай өндіру көлемін қосымша 10 миллион тоннаға дейін өсіру. Оператормен бірлесіп, біз осы жылдың соңына дейін Одан әрі кеңейту тұжырымдамасын пысықтауымыз керек", - деді Ноғаев.

Бұған қоса, оның айтуынша, Қашаған кен орнын толық көлемде игеру тұжырымдамасы әзірленеді.

Қазір тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру кезеңінің барлық нысаны пайдалануға берілді, олардың өндірістік қуаты тәулігіне 400 мың баррельді құрайды.