НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз – Sputnik. Шымкент қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Әбдіманап Түлебаев жаңа қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми сайтына сілтеме жасап.
"Шымкент қаласының аумағында 2021 жылдың 8 наурызы сағат 00:00-ден бастап 2021 жылдың 29 наурызы сағат 00:00-ге дейін карантин және шектеу шаралары ұзартылсын", - делінген құжатта.
Айта кетейік, бұған дейін қаланың бас санитары ас беру шараларын өткізуге рұқсат берген. Бірақ ғимаратты 30 проценттен артық толтыруға және 50 адамнан көп жиналуға тыйым салынады. Басқа шараларды, соның ішінде еске алу, туған күн, мерейтой, құдалық, беташар және тойды өткізуге болмайды.
Ашық алаңда және ғимаратта орналасқан қоғамдық тамақтану нысандарын 50 процентке дейін толтыруға рұқсат беріліп отыр. Алайда жалпы адамдар саны 50-ден аспауы тиіс. Балаларға арналған ойын-сауық орталықтары да жұмыс істейді. Адам санына қарай шектеу бар.
Жанар-жағармай станциялары мен ондағы дүкендер, автоэкспресс, автожуу, көліктер, сағаттар, телефондар, компьютерлер мен аяқкиім жөндеу, тігін ательесі, кір жуу, химиялық тазалау, кілттерді жасау, қонақ үйлер, шипажайлар, демалыс үйлері мен туристік базалар қалыпты режимде жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, спорттық шаралар өткізуге рұқсат беріліп отыр. Бірақ көрермен саны ғимарат сыйымдылығының 20 процентінен аспауы қажет. Ал кеңсе қызметкерлерінің 30 проценті қашықтан жұмыс істеуге көшірілуі шарт.
Ресми мәліметке сәйкес, осы уақытқа дейін республика бойынша коронавируспен 216 467 адам тіркелген. Соңғы бір тәуліктің ішінде ПТР-тест арқылы тағы 857 адамның инфекция жұқтырғаны анықталды. Соның ішінде Шымкент қаласында тіркелген 27 науқас бар.