НҰР-СҰЛТАН, 4 наурыз – Sputnik. Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы елге оралған қандастарға қазақстандық паспортты Наурыз мейрамында салтанатты түрде тапсыру рәсімін дәстүрге айналдыруды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұл туралы ол премьер-министр Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында айтты.
"Елге оралған қандастардың отбасылары мен басқа этностардың өкілдеріне мереке күндері қазақстандық паспортты салтанатты тапсыру рәсімі енгізілсе, символдық тұрғыдан құба-құп болар еді", - деді Алтынбек Нұхұлы.
Сондай-ақ, сенатор жас ұрпаққа экологиялық тәрбие беру үшін аумақтарды абаттандыру, бұлақтардың көзін ашу мен ағаш отырғызуды дәстүрге айналдыру қажет деп санайды. Ол үшін мұндай акцияны оңтүстік өңірлерде Наурыз мерекесінде, ал қолайлы климат кешірек келетін солтүстік өңірлерде кейінірек ұйымдастыру қажет, деді депутат.
Бұдан бөлек, депутат биылғы Наурыз мерекесінде жаңа технологиялар арқылы әртүрлі акцияларды әлеуметтік желілерде кеңінен жүргізу керек екенін атап өтті.
Сондай-ақ, айтуынша, еріктілердің белсенді қатысуымен өтетін "Наурыз мейірімі" жалпыұлттық акциясы секілді шаралардың маңызы зор.