Оқиға

Нұр-Сұлтанда үйдің кіреберісінен денесінің 70 процентін күйік шалған мысық табылды

Ветеринарлар үй жануары ашық оттан зардап шеккен деген болжам жасап отыр. Мысыққа жәбір көрсеткен адам туралы әзірге еш мәлімет жоқ
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 наурыз — Sputnik. Нұр-Сұлтанда тұрғын үй кешендерінің біріндегі кіреберістен күйік шалған мысық табылды.

Жартылай жанып кеткен мысықтың суреті әлеуметтік желіде жарияланғаннан кейін zverohelp_astana волонтері Вероника Бродецкая көмек көрсету үшін оны алып кетті.

"Кеше түнгі 11 шамасында "Сырдария" тұрғын үй кешенінде жанып кеткен мысық табылғаны туралы ақпарат алдық. Адамдар 109 желісіне хабарласып, мысыққа көмек көрсеткісі келген. Бірақ біз тез арада пост авторымен байланысып, мекенжайға жеттік. Мысық 11-ші қабатта болған. Оның үсті-басының бәрі жанып кеткен, табанының барлығы күлге айналған", - деді Вероника Бродецкая.

Хэлл Бой деген есім қойылған мысықтың денесінің 70%-ін күйік шалған. Ветеринарлық клиникада оған жедел көмек көрсетілді. Ол жазылу үшін бірнеше ай ем қабылдауы керек. Қазір марғау ветеринарлардың бақылауында.

"Оның тіндерінде некроз пайда болып, интоксикация туындау қаупі бар. Қазір дәрігерлер қолдан келгеннің барлығын жасады. Ашық отқа жанып кететіндей бұл мысық қайда кіріп кеткенін түсінбеймін. Оның үстіне ол әдейі отқа түспейді. Түсініксіз жағдай", - дейді астана тұрғыны.

Волонтер Вероника Бродецкая мысық аман қалса, оған жаңа үй табатынына сенімді.