АЛМАТЫ, 4 наурыз – Sputnik. Әнші Төреғали Төреәлінің жары әлеуметтік желіде парақша ашты. Парақшасында жазба жариялап, осы уақытқа дейін әлеуметтік желіге тіркелуіне күйеуінің қарсы болғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Баршаңызға басымды иіп сәлем бердім құрметті оқырмандарым! Алланың қалауымен, жарымның рұқсатымен, ата-енемнің батасымен ашылған жеке ресми парақшама қош келдіңіздер! Өздеріңізге белгілі, сүйікті әншілеріңіз TТТ-ның Алла қосқан жары – Толқын!", - деп таныстырды өзін әншінің жары.
Айтуынша, осы уақытқа дейін көпшілік неге жеке парақшасы жоқ екенін сұраған.
"Әр нәрсенің өз уақыты болады. Осы уақытқа дейін жеке парақшамның болмауы жарымның бұйрығы болды... "Сабақты ине сәтімен" демекші, бүгін сіздерге жеке парақшамның ашылғанын қуанышпен хабарлаймын", - деп жазды Толқын.
Ал Төреғали Төреәлі парақшасында сүйінші сұрап, жарының желіге тіркелуіне арнап өлең жазды.
"Ағайын, кішігірім сүйінші! Келіндеріңіздің жеке ресми парақшасы ашылды", - деді ол.
Айта кетейік, Төреғали Төреәлі мен жары Толқынның Томирис, Тоғжан және Фатима есімді үш қызы, Төренұр есімді бір ұлы бар. Жұп бесінші сәбиін күтіп жүр.