Қоғам

Жойғыш ұшақты басқаратын қазақ қызы жайлы не білеміз

Авиациялық эскадрилья командирі ұшқыш бойжеткендерге қойылатын талап бүкіл ұшқыштар құрамына қойылатын талаптармен бірдей екенін айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 наурыз — Sputnik. Қазақстанда жойғыш ұшақты басқаратын жалғыз ұшқыш қыз Қарағандыдағы авиабазада қызмет етеді. Қазір аға лейтенант Ардана Ботай "Су-30СМ" жаңа буын жойғышымен ұшып жүр, деп мәлімдеді Қарағанды облысының әкімдігі.

Ардана Ботай бала кезден әскери ұшқыш болуды армандаған. Бүгінде ол авиациялық эскадрильядағы жойғыштың аға ұшқышы.

"Мен бала кезден ағаммен бірге ойыншық машинамен ойнайтынмын. Техника жайлы жазылған журналдарды жинауды әдетке айналдырдым. Бір күні "МиГ-29" суретін көріп қалдым да, осы ұшаққа отырғым келетінін түсіндім. Мен жай ұшқыш емес, әскери техниканы басқаратын ұшқыш болғым келді", - дейді Ардана Ботай.

Жойғыш ұшақты басқаратын қазақ қызы жайлы не білеміз

Ол мектепті тәмамдаған соң Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштерінің әскери институтына оқуға түсуге құжат тапсырады. Бірақ оны оқуға қабылдамапты.

"Содан кейін Алматыдағы азаматтық авиация академиясына оқуға түсейін деп шештім. Осы оқу орнын "әуе кемелері мен қозғалтқыштарын ұшу кезінде пайдалану" мамандығы бойынша аяқтаған соң, әскери қызметке келудің амалын іздей бастадым. Академияны аяқтаған кезде менің тәжірибемде 240 сағат ұшу бар болатын. Оның ішінде 40 сағатты Нұр-Сұлтандағы мемлекеттік авиация орталығында ұштым. TL-2000, Tecnam P-2002, қос моторлы Diamond DA42 ұшақтарын меңгеріп алдым", - деді ол.

Жойғыш ұшақты басқаратын қазақ қызы жайлы не білеміз

Бүгінде Ардана Ботай "Су-30СМ" жаңа буын жойғышымен ұшып жүр.

Бұл жоғары маневрлі ұшақ кез келген ауа райында аспанға көтеріле алады. Ол қарсыластың ұшақтары мен жердегі нысандарына оқ атып, олардың көзін жойып қана қоймай, әуеде барлау жүргізе алады.

Жойғыш ұшақты басқаратын қазақ қызы жайлы не білеміз

"Ардана Ботайда ұшуларға дайындық үшін қажетті толық оқу-материалдық базасы бар. Бүгінде ол ұшу бағдарламасының 50%-ін орындап үлгерді. Ол өзін сауатты әрі жауапты ұшқыш ретінде таныта білді. Оған қойылатын талаптар басқа ұшқыштардыкімен бірдей. Себебі аспанда бәрі тең", - деді авиациялық эскадрилья командирі, подполковник Бірімжан Түліппаев. 

Ардана Ботай оқу-жаттығуға арналған әскери Л-39 ұшағымен алғаш рет 2018 жылдың сәуір айында ұшты.