АЛМАТЫ, 3 наурыз – Sputnik. Щучинск қаласында 2020 жылдың қазанында болған жол апатына байланысты сот аяқталды. Сол кезде Lexus автокөлігін мас күйінде басқарған жүргізуші қатты жылдамдықпен полиция көлігін соққан. Ол апатқа дейін жүргізуші куәлігінен айырылған.
Апат салдарынан екі тәртіп сақшысы Қанат Отарбаев пен Қанат Хамидуллин қайтыс болды. Сот азаматты екі адамның өліміне кінәлі деп таныды.
Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын жалпы колонияда өтейді. Сондай-ақ қаза болғандардың отбасына 10 миллион теңгеден төлейді.
Қос полицейдің қазасы
Апат 15 қазанда Щучинск қаласында болды. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларына қатысып, оқиға орнынан қайтып келе жатқан. Осы кезде "Лексус" жүргізушісі жол ережелерін елемей, бағдаршамның қызыл шамынан жоғары жылдамдықпен өтіп, "Нива" қызметтік көлігімен соқтығысқан. Екі полицей де оқиға орнында көз жұмды.
Ақмола облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, Lexus автокөлігін басқарған жүргізуші осы кезге дейін де бірнеше рет жауапкершілікке тартылған.
Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 200 және 346-бабына сәйкес ("көлікті ұрлау мақсатынсыз иелену; көлікті басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік немесе масаң күйде адамның көлік басқару") 2022 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылған.
Қайтыс болған полицейлер жайлы ақпарат
Қайтыс болған полиция капитаны Қанат Отарбаев ішкі істер органдарында 16 жыл қызмет еткен. Өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін 22 рет көтермеленген. Марқұмның артында жұбайы мен үш баласы қалды, олардың ең кішісі – 3 жаста.
Ал полиция капитаны Қанат Хамидуллин құқық қорғау органдарында 12 жыл істеген және осы уақыт ішінде 23 рет көтермеленген. Марқұмның артында жүкті әйелі мен жеті жасар ұлы қалды.