Қоғам

Коронавирус көбейе ме – денсаулық сақтау министрлігі көктемге болжам жасады

Наурыз айында қазақстандықтар бес күн қатарынан демалады. Денсаулық сақтау министрлігі халықты мейрамда үлкен той жасамауға шақырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 наурыз – Sputnik. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов көктемде коронавирусты қанша адам жұқтыруы мүмкін екенін болжады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.  

"Жалпы, ақпан айындағы көрсеткіштерге қарап, наурыз және сәуір айларында 15 мыңнан 20 мыңға дейін науқас тіркеледі деген болжам жасап отырмыз. Бірақ тағы айтайық, барлығы өзімізге байланысты. Наурыз айында өзіміздің ұзақ мейрам-тойларымыз болады. Сол кезде барынша сақ болуымыз қажет", - деді Шоранов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Осы орайда вице-министр жаңа жылдағы жағдайды еске алды.

"Мысалы, жаңа жылдан кейін екі апта өткен соң, бізде науқастардың саны көбейді. Сондықтан халыққа тағы ескерту жасағымыз келеді. Үлкен той жасамаңыздар. Тек өз отбасыңызбен ғана болыңыздар. Бетперде тағып, арақашықтықты сақтау қажет", - деп түйіндеді Шоранов. 

Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирус статистикасы өзгереді – науқастардың саны аз болып шықты 

Айта кетейік, пандемия басталғалы 214 806 адам коронавирусқа шалдықты, 2 777 адам қайтыс болды. Бұдан бөлек, 2020 жылдың бірінші тамызынан бастап коронавирустық пневмония (КВИ-) статистикасы жүргізіліп келеді. Оған 49 372 науқас енді. Осы диагнозбен 630 адам қайтыс болды.