Қоғам

Депутаттар халықтың ашуына тиген шенеуніктерге шүйлікті

"Ақ жол" депутаттары қаржы министрінен мобильді ақша аударымдарына салық салу мәселесін жан-жақты түсіндіріп беруді талап етті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 наурыз – Sputnik. "Ақ жол" фракциясының депутаттары қаржы министрінен мобильді ақша аударымдарына салық салу мәселесі бойынша түсініктеме беруді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.  

Депутат Мақсат Раманқұлов соңғы кезде үкіметтің кейбір ресми тұлғалары мобильді ақша аударымдарына салық салынатыны туралы бірнеше рет айтқанын атап өтті. Олардың ішінде қаржы министрлігінің өкілдері де бар. Бір-біріне қайшы мәлімдемелер қоғам ішінде түсініспеушілік туғызып отыр, деді ол. 

"Бұл бастаманы кәсіпкерлердің кірісті жасыру әрекетімен күрес ретінде таныстырып жатады. Иә, кәсіпкерлер салық төлеуге міндетті. Алайда қаржылық бақылау органдары алаяқ кәсіпкерлерді анықтаудың орнына барлығына бірдей талап енгізуді көздейді. Бәрін бір шыбықпен айдамақшы ма? Оған қарапайым адамдардың аударымдары да кіріп кетеді ғой", - деді Раманқұлов мәжілістің жалпы отырысында.

Депутаттың ойынша, кәсіпкерге жасалған төлем мен ата-ананың студент балаға жіберген ақшалай көмегін айыру қиын. Себебі электронды бақылау жүйесінің енгізілгеніне біраз уақыт болса да, әлі күнге дейін салық салу жағынан олқылықтар бар. Адамдарға көлік пен баспананың салығын шатасып жіберіп жатады. Мәселен, 2019 жылы жеке тұлғаларға 700 миллион теңгенің салығы негізсіз жазылып кеткен. Ал айыппұлдар мен өсімақылардың көлемі 7 миллиард теңгеге жетті.   

"Осы салада қатаң бақылау енгізіліп, банк карталары мен электронды әмияндар бұғатталып жатса, қаржы саласындағы цифрландыру шараларына сенім төмендейді. Бөлшек сауда электронды төлемдерден бас тартып, умаждалған қолма-қол ақшаға көшуге мәжбүр болады. Ал салық органдары, шынымен де, алаяқтарды ұстап, бюджетті толтырамыз десе, әділ еңбекпен күн көріп жатқандарды емес, жемқорларды ұстап, халықтан ұрланған ақшаны қайтарсын", - деп атап көрсетті Раманқұлов.

Қазақстандықтар онлайн аударымдар үшін салық төлей ме – министрлік түсініктемесі

Осы орайда депутат мемлекет басшысының шағын және микробизнесті салықтан босатқанын еске салды. Салықшылар болса, мобильді ақша аударымдарына салық салу арқылы пандемиядан аман шыққан кәсіпкерлерді тұншықтырып тастамақшы. Одан қарапайым адамдар да зардап шегуі мүмкін.

"Ақ жол" фракциясының өкілдері қаржы министріне депутаттық сауал жолдап, мобильді ақша аударымдарына салық салу мәселесін жан-жақты түсіндіріп беруді талап етті.