Экономика

"Әрбір бала үшін 4,2 млн теңге": депутаттар үкіметке ұсыныс жолдады

Депутаттар әлеуметтік төлемдер тұжырымдамасынан адам капиталына ақша салу жүйесіне көшу қажеттігін ерекше атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 наурыз – Sputnik. Қазақстан халық партиясының мәжілістегі фракциясы үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, ана капиталын енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутат Ерлан Смайыловтың айтуынша, бүгінде мемлекет тарапынан ана мен баланы қолдауға арналған бірқатар шаралар атқарылып келеді. Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар қарастырылған. Дегенмен, бұның барлығы ана мен баланың өмір сүру деңгейін көтеруге айтарлықтай ықпал жасап отырған жоқ. Оны ЮНИСЕФ-тің зерттеуі де растап отыр. Қазақстанда балалардың 15,6 проценті табысы ең төмен отбасыларда тұрады. Ал 15 процент - ол 1 миллион бала. Басым бөлігі - көпбалалы отбасының мүшелері. Бұдан бөлек, 500 мың толық емес отбасы бар. Жалғызбасты аналар мен жалғызбасты әкелердің жағдайы да мәз емес. 

"Мемлекет бір нәрсені анық түсінуі керек, бүгінгі кедей балалар – ол ертеңгі кедей мемлекет", - деді Смайылов мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда депутаттар әлеуметтік төлемдер тұжырымдамасынан адам капиталына ақша салу жүйесіне көшу қажеттігін ерекше атап өтті. Оны кәдімгідей идеологияға айналдыру керек. Мәжілісмендер ұлттық жобаны қабылдап, баласы бар отбасыларға инвестиция салуды ұсынып отыр.

"Елімізде әрбір бала үшін 4,2 миллион теңге көлемінде мемлекеттік төлемді ана капиталы ретінде енгізген жөн. Оны баспана алуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға, баланың біліміне және ананың зейнетақы жинақтарына жұмсауға болады", - деп атап көрсетті Смайылов.

Депутаттың айтуынша, ана мен баланы қолдауға қаржы көптеп бөлінсе, кедейшілік қана емес, балалар арасында аурулар мен зорлық-зомбылық та азаяды.