АЛМАТЫ, 3 наурыз – Sputnik. Қазақстанның білім және ғылым министрлігі бірінші сыныпқа баратын балалардың құжаты 1 сәуірден бастап қабылданатынын хабарлады. Ол 1 тамызға дейін жалғасады.
"Бұл – білім беру процесіне қатысушыларға ыңғайлы болу үшін қабылданған шешім. Ата-аналар мектепті алдын ала анықтап, оқуға қажетті құжаттарды уақытылы тапсырады, сондай-ақ балаларды оқу құралдарымен қамтамасыз етеді", - делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Мектеп басшылығы сыныптарды жинақтап, қажетті оқулықтарды алдын ала сатып алады. Сонымен қатар педагогтер құрамын анықтап, сағат санын бөледі.
Өтінішті egov.kz арқылы беруге болады.
Оқи отырыңыз: Вице-министр оқушыларды қандай жағдайда мектепке жібермеуге болатынын айтты
Қажетті құжаттар тізімі:
- ата-ананың (немесе оларды алмастыратын тұлғалардың) өтініші;
- баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
- "бала денсаулығы паспорты" 026/у-3 нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат;
- 063/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат;
- 3х4 көлеміндегі 2 фото.
Өтініш бір жұмыс күні ішінде қарастырылады.
Айта кетейік, былтыр құжат тапсыру 1 маусымда басталған болатын. 2020-2021 оқу жылы Қазақстан мектептерінде онлайн форматта басталды.