Өңірлер

Төтенше жағдайлар министрі алматылықтарға ескерту жасады

Ильин енгізілетін шектеу шараларына түсіністікпен қарауды сұрады. Себебі құрылыс жұмыстарының нәтижесінде Алматы қаласының қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 наурыз – Sputnik. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Үлкен Алматы шатқалында шектеу шараларының енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Биыл біз екі сел тоқтату бөгетін салуға кірістік. Біреуі – Аюсай шатқалында, екіншісі – Ақсай шатқалында. Жақында ғана сол жаққа жұмыс сапары ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – басталып кеткен жұмыстарды бақылау. Осы орайда Алматы тұрғындарына және туристерге қауіпсіздікті сақтау мақсатында Үлкен Алматы шатқалына баруға бірқатар шектеу енгізілетінін ескерткіміз келеді", - деді Ильин орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте. 

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде Алматы қаласына қауіп төніп тұрған жоқ.

"Сел түсу кезеңі шілде-қыркүйек аралығында болады. Сол кезде біздің мамандарымыз таудағы көлдердің деңгейін бақылап, суды түсіру шараларын жүргізеді", - деді Ильин.

Осы орайда министр Үлкен Алматы шатқалында енгізілетін шектеу шараларына түсіністікпен қарауды сұрады. Себебі құрылыс жұмыстарының нәтижесінде Алматы қаласының қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.