Экономика

Үкімет ауыл халқына микрокредит беруді жалғастырады

Алдағы бес жылда 50 мың микрокредит беру жоспарланып отыр, жалпы сомасы 250 миллиард теңгені құрайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 наурыз – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ауылда микрокредит беру жалғасатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Ауылда микрокредит беру жалғасады. Өткен жылдың өзінде бұл мақсаттарға 43,2 миллиард теңге бағытталды, бұл 11 мыңнан астам микрокредит беруге мүмкіндік берді, оның 60%-ін стартап-жобалар құрайды", - деді Омаров үкімет отырысында.

Бағдарламаны іске асыру аясында ауылда 11 мың тұрақты жұмыс орны ашылған.

Министр алдағы бес жылда 250 миллиард теңгеге 50 мың микрокредит беру жоспарланғанын атап өтті.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда азық-түліктің қымбаттағаны үшін шенеуніктер жазалануы мүмкін

Сондай-ақ, Омаров республика бойынша бес жыл ішінде 380 инвестициялық жоба жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Оның 65%-тен астамы – импортты алмастыру аясындағы жобалар. Бұл тізімге, сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін ұлғайту, оның ішінде бордақылау алаңдары, репродукторлар, жылыжайлар, өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша бірқатар жоба енген. 

Министрлік жыл сайын орта есеппен 75-80 жобаны іске қосуды жоспарлап отыр.