АЛМАТЫ, 2 наурыз – Sputnik. "Ұлытау" тобы Лос-Анджелесте ұйымдастырылған The Djooky Music Awards байқауында бірінші орын алды. Қуанышты хабарды топтың продюсері Қыдырәлі Болман хабарлады.
Қыдырәлі Болманның жетекшілігімен топ АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен Djooky Music Awards халықаралық музыкалық байқауында рок-металл санаты бойынша жеңіске жетті. Топ Махамбет Өтемісұлының "Жұмыр қылыш" күйін орындаған.
Байқау онлайн дауыс беру арқылы өтті. Дауыс беру 27 ақпан таңғы 06.00-де басталып, 1 наурыз күні тоқтатылды.
"Бүкіләлемдік жеңіс құтты болсын, қазақ елі! Мың алғыс, мың тағзым! Күмбірлеген, тасып-төгілген күйлерімізді әлемнің сахнасына шығарып, домбырамызды аламан бәйгелерге қосып, бас жүлделер бұйыртқан Аллаға сансыз мадақтар болсын! Үлкен қолдау қөрсетіп, таңғы 6:00-ге дейін "Ұлытау" тобымен бірге болған сіздерге, Қазақстан өнер жұлдыздарына, біртұтас қазақ еліне, мың алғыс, мың тағзым!", - деп жазды Болман.
Айта кетейік, Djooky Music Awards халықаралық музыкалық байқауына әлемнің 86 елінен 13 музыкалық бағыт бойынша музыканттар қатысты.
Байқаудың қорытындысы аралас форматта шығарылды: 50% – көрермендердің дауыс беруі, 50% – америкалық продюсер Брайан Малуфтың шешімі.
"Ұлытау" тобы – 2001 жылы құрылған этно-рок стиліндегі музыкалық ұжым. Сол жылы топ Голливудта өткен бүкіләлемдік музыка орындаушыларының чемпионатында бас жүлде алды.