Экономика

ПТР-тест тапсырмаған жолаушылар үшін мемлекет қанша ақша жұмсайды

ПТР-тест қорытындысы бойынша Дубай–Алматы рейсімен ұшып келген төрт жолаушыдан коронавирус инфекциясы анықталған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 наурыз — Sputnik. Жергілікті билік ПТР-тестсіз елге келген жолаушыларға бір тәулікте алты миллион теңгеге жуық қаражат жұмсайды.

28 ақпанда 729 жолаушы коронавирус жұқтырмағаны туралы ПТР-анықтамасыз Қазақстанға келді. Олар бұл тесті мемлекет қаражаты есебінен тапсырады.

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты зертханалар бір тест үшін 8025 теңге (шамамен 20 доллар) жұмсайды. Осылайша, 729 жолаушы үшін үкімет 5,8 миллион теңге (шамамен 14 мың доллар) көлемінде шығын көтереді.

2021 жылдың 28 ақпанында Германия, Шри-Ланка, Сауд Арабиясы, Мальдив аралдары, БАӘ, Египет, Түркия, Украина, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан 23 халықаралық рейстер орындалды. 3 210 әуе жолаушысының ішінде 2 481 адамда ПТР-тестінің теріс нәтижесі бар анықтамалары болған. Ал Қазақстанның 729 азаматы мұндай анықтамасыз келген.

Соның ішінде, он бес рейс орындалған Алматы әуежайындағы 2 033 жолаушының 1 693-інде анықтама болса, 340 жолаушыда анықтама болмаған; Нұр-Сұлтандағы сегіз рейспен келген 1 177 жолаушының 788-інде анықтама бар, 389-ы ПТР-тест тапсырмаған.

Денсаулық сақтау министлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті анықтамасы жоқ қазақстандық жолаушылар ПТР-талдау әдісі арқылы тест тапсырып, қазір карантиндік стационарда талдау нәтижесін күтіп отырғанын айтты.

Сондай-ақ, ПТР-тест қорытындысы бойынша Дубай–Алматы рейсімен ұшып келген төрт жолаушыдан коронавирус инфекциясы анықталған.