Өңірлер

Петропавлда анасы өлімші етіп сабаған үш жасар қыз қайтыс болды

Бала бір айдан астам уақыт комада жатты, ол есін жимастан көз жұмды
Sputnik

ПЕТРОПАВЛ, 27 ақпан – Sputnik. Петропавлда анасы өлімші етіп сабаған үш жасар қыз қайтыс болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері сәбидің өмірі үшін бір айдан астам күресті.

"Бала комада жатты, ол есін жимастан қайтыс болды", - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, 17 қаңтарда ауруханаға ессіз күйде үш жасар қыз жеткізілді. Баланы ұрып-соқты деген күдікпен 22 жастағы анасы ұсталды.

Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, әйел нәрестені дүниеге әкелген соң оны асырауға жағдайы болмағандықтан уақытша балалар үйіне берген. Ол қызына келіп тұрған, ал бес айдан кейін 2017 жылдың желтоқсанында оны алып кеткен. Осыдан кейін бала әкесінің үйінде тұрады. 2020 жылдың 25 желтоқсанында ер адам қызды шешесіне қайтарады. 17 қаңтарда сәби "бас жарақаты" диагнозымен ауруханаға түседі.

Қыз мүгедек болған, оған сегіз айында сал ауруы диагнозы қойылды.

Баланың анасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол тергеу аяқталғанша уақытша ұстау изоляторында отырады.