Өңірлер

Отбасына хабарласып, қоштасқан: қостанайлық 28 сағат бойы қар құрсауында отырды

Ер адам бір тәуліктен аса жолда бұзылып қалған көлік ішінде құтқарушыларды күткен. Ол ас-сусыз қалай аман қалғанын айтып берді
Sputnik

АЛМАТЫ, 26 ақпан – Sputnik. Қостанай тұрғыны Федор Попов Ақтөбеден қайтып келе жатқанда өлім құша жаздады. Ол құтқарушыларды қар құрсауында бір тәуліктен аса уақыт күткен, деп жазды "Костанайские новости" басылымы.

Оқиға 23 ақпанда болды. Көлік жолда қар құрсауында қалып қойған, көп ұзамай жүрмей қалған. Автокөліктегі температура дереу -24 градусқа дейін төмендеген. Попов полиция мен төтенше жағдай қызметіне хабарласқан. Алайда олар оқиға орнына жете алмаған.

Сол кезде Федор Попов аман қалу үшін көліктегі орындық қабын оранып, көлік ішінде барынша көп қимылдаған.

"Әр 15 минут сайын ұйықтап қалмау үшін құрал-саймандары бар сөмкені пайдаланып, жаттығу жасадым. Аяғым қатты үсіп қалды, себебі көлік ішінде көп қимылдайтын жер де жоқ. Аяғымды ысқылауға тырыстым, алайда одан сайын нашарлай түсті, қолым да тоңып қалды. Кейін аяғым құрысып, қимылдауы қиындады", - деп еске алды Федор.

Ер адамның өзімен бірге жейтін асы да, суы да болмаған. Сол себепті қар жеген. Бір рет есінен танып қалған соң әйелі, балаларына хабарласып, қоштасқан.

Ер адам 28 сағаттан кейін құтқарылды. Содан кейін жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді. Ер адамның аяғы үсіп қалған, десе де кесіп алып тастайтындай дәрежеде емес.

Ер адам физикалық қозғалыстың арқасында аман қалды.

Айта кетейік, мұндай жағдай кейінгі күндері ауа райының нашарлауына байланысты жиі болып жатыр. Бұған дейін желіде қар құрсауында қалып қойған жолаушыларды құтқаруға барған полицейдің фотосы тарады.

Үсті-басын қар басқан қостанайлық полицейдің фотосы желіде қызу талқыланып жатыр 

Полиция жолдан шығып кеткен көлікке көмекке барған. Жақын маңдағы елді мекенге барар жол көрінбей, 12 шақырымды 8 сағат жүріп өтті. Жол көрінбегендіктен терезені ашып отыруға мәжбүр болған.