Экономика

Тоқаев атом энергиясын пайдалануға қатысты заңға қол қойды

Заңға енгізілетін өзгертулер мемлекеттік органдардың атом энергетикасы саласындағы функциясы мен құзыретін шектейді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан — Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергиясын пайдалануға қатысты заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорда. 

"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды", - делінген ақпаратта.

Еске сала кетсек, заң жобасына өзгерту енгізу мәселесі қаралған кезде сенат депутаттары қараусыз қалған кен орындарында радиациялық әсері жоғары техника мен кен қалғанын алға тартқан болатын.

Қазақстанның энергетика министрі Нұрлан Ноғаев заң жобасында радиациялық, ядролық және ядролық-физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету нормалары бар екенін айтты. 

Қандай өзгеріс болады

Заңға енгізілетін өзгертулер мемлекеттік органдардың атом энергетикасы саласындағы функциясы мен құзыретін шектейді. Мұның арқасында мемлекеттік органдар жұмысы қайталанбайтын болады.

Құжат отандық заңнаманың кейбір нормаларын МАГАТЭ халықаралық қауіпсіздік нормаларымен сәйкестендірген.

Заң жобасында ядролық материалдарды тасымалдау кезінде апат болса, не істеу керектігі нақтылынған.