Оқиға

Павлодар облысында өртеніп жатқан үйге келген 24 жастағы құтқарушы көз жұмды

Тілсіз жауды сөндіру кезінде 1997 жылғы Арыстанбек Машраптың жағдайы нашарлаған, ауруханаға ес-түссіз күйде жеткізілді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан – Sputnik. Павлодар облысында өрт сөндіруші қызметтік міндетін атқару кезінде көз жұмды. Тұрғын үйден шыққан өртті сөндіру кезінде азаматтық қорғау сержантының жағдайы нашарлаған, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Қайғылы оқиға 25 ақпан күні Павлодар облысы Ақсу қаласында болды.

Таңғы сағат сегіздер шамасында төрт бөлмелі тұрғын үйдің өртенгені туралы хабар түскен. Тілсіз жау 80 шаршы метр аумақты шарпыды.

Ведомствоның ақпаратынша, өрт сөндірушілер қызыл жалынмен күресіп жатқанда 1997 жылы туған Ақсу қаласы №12 өрт сөндіру бекеті бөлімшесінің командирі, азаматтық қорғау сержанты Арыстанбек Машраптың жағдайы нашарлаған.

"Өрт сөндіруші Ақсу ауылдық дәрігерлік амбулаториясына ес-түссіз күйде жеткізілген. Кейін дәрігерлер оның қайтыс болғанын хабарлады. Оқиғаның мән-жайы анықталуда", - деді ТЖ министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Сондай-ақ, №12 өрт сөндіру бекеті бөлімшесінің командирі, азаматтық қорғау кіші сержанты 26 жастағы Ермек Тұрлыбеков Ақсу қаласының ауруханасына жеткізіліп, кейін Павлодар қаласының ауруханасына жатқызылды.

Өрт сағат 10.16-да оқшауланып, 11.00-де толығымен сөндірілген.

Павлодар облысында өртеніп жатқан үйге келген 24 жастағы құтқарушы көз жұмды

Марқұм Арыстанбек Машрап азаматтық қорғау органдарында 2018 жылдан бері қызмет атқарған. Павлодар қаласының тумасы, үйленген.

Төтенше жағдайлар министрлігі өрт сөндірушінің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты марқұмның жақындары мен туыстарына көңіл айтты.

Ведомствоның мәліметінше, 1991-2021 жылдар аралығында азаматтық қорғау органдарының 53 қызметкері қызметтік міндетін орындау кезінде қаза болған.