Өңірлер

Облыстың бас санитар дәрігері карантинге байланысты жаңа қаулы шығарды

Құжатқа сәйкес, бұған дейін 17 ақпанда шыққан қаулыдағы көптеген шектеулер сақталады. Бірақ бірқатар жеңілдету қарастырылған
Sputnik

ПАВЛОДАР, 25 ақпан — Sputnik. Павлодар облысының бас санитар дәрігері карантинді жеңілдетуге байланысты жаңа қаулы шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Құжатқа сәйкес, бұған дейін 17 ақпанда шыққан қаулыдағы көптеген шектеулер сақталады. Бұқаралық, спорттық, ұжымдық, ойын-сауық шаралар өткізуге әлі де тыйым салынып отыр. Караоке, кальян, түнгі клуб, бильярд, батуттарға жұмыс істеуге болмайды.

Алайда жаңа құжат бойынша кинотеатр мен театрлар қайта ашылады. Залдың тек 20 проценті ғана толуы тиіс.

Сауда орталықтарының (фудкорт пен ойын-сауық орталықтарынан басқа) сауда желілерінің жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Санитарлық-дезинфекциялық режим қатаң сақталуы шарт. Жұмыс уақыты бойынша шектеу қойылған жоқ. Енді жексенбі күні де істеуге болады (28 ақпаннан өзге). Азық-түлік емес және жабық азық-түлік базарлары да осы режимде қызмет көрсете алады.

Дүкендердің жұмыс уақытына шектеу қойылмайды. Қоғамдық тамақтану орындары енді 7.00-00.00 аралығында жұмыс істей алады. 

Бассейндер ашық болады, тек жексенбіде уақыт бойынша шектеу енгізілген. 

Сауна, СПА, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен "Қазпошта" да жұмыс істейді. Моншалар түнгі он екіге дейін ашық.

Жаңа қаулы 27 ақпан сағат 00.00-де күшіне енеді. 

Павлодар облысы коронавирус таралуының "қызыл" аймағынан шықты. Өткен тәулікте 80 адам вирус жұқтырды, 98 тұрғын айықты.