Оқиға

Өрт сөндіруші көз жұмды: Ақсуда қайғылы оқиғаның қалай болғаны айтылды

Марқұм Арыстанбек Машрап азаматтық қорғау органдарында 2018 жылдан бері қызмет атқарған. Үйдегі жалғыз бала. 2017 жылы болашақ әйелімен танысқан. Жарының аяғы ауыр
Sputnik

ПАВЛОДАР, 25 ақпан — Sputnik. Ақсулық өрт сөндіруші әріптесімен бірге өрт болған үйден шыға алмай қалды, деп хабарлады Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ернұр Өтегенов.

- Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде үйде адамдар болуы мүмкін екенін білді. Оларға адамдарды құтқару міндеті қойылды, - деді Ернұр Өтегенов.

Қуанышқа орай, ғимаратта адам болған жоқ. Алайда сержант Арыстанбек Машрап пен кіші сержант Ермек Тұрлыбеков отқа оранған үйден шыға алмай қалды. Кірген есікке констукциялар құлаған.

Бөлімше командирі Арыстанбек Машрап өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалды. Өзге өрт сөндірушілер терезелерді бұзып, екі әріптесін жанып жатқан үйден алып шықты. Олар ауруханаға жеткізілді. Алайда бөлімше командирін құтқару мүмкін болмады.

Департамент басшысының сөзіне сәйкес, қайтыс болған жігіттің денсаулығы жақсы болған. Құрал-жабдық та жұмыс істеп тұрды. Алайда тыныс алу аппараты белгілі бір уақыт қана жұмыс істейді. Сол уақыт таусылып қалуы мүмкін. Сондықтан өрт сөндіруші газға уланды деген болжам жасалып отыр. 

Ақсудағы өрт

Павлодар облысында өртеніп жатқан үйге келген 24 жастағы құтқарушы көз жұмды. Тілсіз жауды сөндіру кезінде 1997 жылғы Арыстанбек Машраптың жағдайы нашарлаған.Қайғылы оқиға 25 ақпан күні Павлодар облысы Ақсу қаласында болды. Өрт сағат 10.16-да оқшауланып, 11.00-де толығымен сөндірілген.

Таңғы сағат сегіздер шамасында төрт бөлмелі тұрғын үйдің өртенгені туралы хабар түскен. Тілсіз жау 80 шаршы метр аумақты шарпыды. Сондай-ақ, №12 өрт сөндіру бекеті бөлімшесінің командирі, азаматтық қорғау кіші сержанты 26 жастағы Ермек Тұрлыбеков Ақсу қаласының ауруханасына жеткізіліп, кейін Павлодар қаласының ауруханасына жатқызылды.

Өрт сөндіруші туралы не белгілі

Марқұм Арыстанбек Машрап азаматтық қорғау органдарында 2018 жылдан бері қызмет атқарған. Павлодар қаласының тумасы. Үйдегі жалғыз бала. 2017 жылы болашақ әйелімен танысқан. Жарының аяғы ауыр. 

 

- Арыстанбек Машрап міндетті түрде наградаға ұсынылады. Өйткені қызметін атқару кезінде көз жұмды. Отбасына жан-жақты көмек көрсетіледі, - деді департамент басшысы.

 

Өрт сөндіруші көз жұмды: Ақсуда қайғылы оқиғаның қалай болғаны айтылды

 

Өрттің себебі зерттелетін болады. Арнайы комиссия құрылған. Полиция қызметкерлері де тексеріс жүргізеді.

Ведомствоның мәліметінше, 1991-2021 жылдар аралығында азаматтық қорғау органдарының 53 қызметкері қызметтік міндетін орындау кезінде қаза болған. Арыстанбек Машрап қызметін атқару кезінде көз жұмған үшінші өрт сөндіруші.