Экономика

"100 мың теңге жоғалтасыз": зейнетақы қоры ескерту жасады

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 1 ақпаннан бастап уәкілетті оператор болып белгіленген банктерде ашылған салымшылардың арнайы шоттарына біржолғы зейнетақы төлемдерін аудара бастады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан – Sputnik. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры пайдаланылмай қалған зейнетақы төлемінің тиімсіз тұсын атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қордың ресми сайтына сілтеме жасап.

Айта кетейік, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 1 ақпаннан бастап уәкілетті оператор болып белгіленген банктерде ашылған салымшылардың арнайы шоттарына біржолғы зейнетақы төлемдерін аудара бастады. Ақша есепшотқа түскеннен кейін 45 күннің ішінде уәкілетті операторға біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатын растайтын құжаттарды жіберу керек. Салымшы осы мерзім ішінде тиісті құжаттарды ұсынбаса, барлық ақша қорға қайтарылады.

"Салымшы сұратқан зейнетақы жинақтарының сомасын БЖЗҚ уәкілетті оператордағы арнайы шотқа аударғаннан кейін 45 жұмыс күні ішінде бұл қаражат инвестициялық басқарудан алынады. Демек, оған инвестициялық табыстың есептелмейтініне назар аударғымыз келеді", - дейді қор мамандары.

Ресми мәліметке сәйкес, 2020 жылда БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерінің жылдық табыстылығы 10,92 құрады.

"Егер осы деректерді негізге алсақ, мәселен, 45 жұмыс күні ішінде мақсаты бойынша пайдаланылмаған біржолғы зейнетақы төлемінің мөлшері 5,5 миллион теңге болса, салымшының осы кезеңде толық алмаған инвестициялық табыс көлемі, шамамен, 100 мың теңгені құрауы мүмкін", - делінген ресми ақпаратта.

Осыған байланысты БЖЗҚ қаражатты қайтару, инвестициялық табыс пен мемлекет кепілдігін жоғалту, сондай-ақ, жеке табыс салығын мерзімінен бұрын есептеу жағдайларын болдырмау үшін салымшыларға біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануды мұқият жоспарлауға кеңес беріп отыр. Зейнетақы жинақтарының мақсатты пайдаланылуын растау үшін қажетті құжаттардың тізімін өтінім бергенге дейін қарап, уәкілетті операторға уақытында жіберген жөн.