Қоғам

Депутат шенеуніктер былығы кесірінен кейбір отбасы үйсіз жүргенін айтты

Депутат Ерлік Өмірғали премьер-министр Асқар Маминге жолдаған сауалында халықтың әлжуаз топтарын баспанамен қамту мәселесіне көңіл бөлді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 ақпан – Sputnik. Мәжіліс депутаттары әр қалада баспанаға электронды кезек енгізіп, адамдарға өз кезегі мен басқаларға пәтерлердің бөлінуін емін-еркін қадағалауға мүмкіндік беруді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутат Ерлік Өмірғали премьер-министр Асқар Маминге жолдаған сауалында халықтың әлжуаз топтарын баспанамен қамту мәселесіне көңіл бөлді.

Айтуынша, көпбалалы отбасылар, мүгедектер мен жетім балаларды үймен қамту мақсатында мемлекетік бағдарламалар әзірленіп, бекітілген. Республикалық және жергілікті бюджеттерден үнемі жүздеген миллиард теңге бөлінеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та баспана кезегінде тұрған адамдардың мәселесін тезірек шешуді тапсырды.

"Алайда, өкінішке қарай, жауапсыз шенеуніктер қызметтік өкілеттігін пайдаланып, әлеуметтік баспананы кезектілікті сақтамай, заңсыз өз адамдарына беріп жататын жағдайлар аз емес. Шенеуніктермен ауыз жаласқан адамдар үйді бір емес, екінші рет алып, оны қайта сатып немесе  жалға береді. Ал жылдар бойы үй кезегін күтіп жүрген мүгедектер мен көпбалалы отбасылар шетте қалады. Олардың кезегі жылжымайды, тіпті кейін шегеріледі", - деді Өмірғали.

Мәселен, соңғы үш жылда "Нұрлы жер" бағдарламасын жүзеге асыру кезінде шенеуніктер тұрғын үйді заңсыз берудің 400-ден астам фактісін жасаған. Заңбұзушылық, негізінен, Қарағанды, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарында тіркелді.

Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік әлжуаз тобына жататын 2320 адамның құқығы шектелді.

"Бұл тек ресми фактілер. Депутаттарға тұрмысы төмен азаматтардан жүздеген шағым түседі. Олар әкімдіктердің әлеуметтік баспананы әділ бөлмейтініне наразы", - дейді депутат.

Ол мәжілісмендер президенттің тұрғын үй саясатын әкімдіктерден "Отбасы банк" бірыңғай операторына беру туралы шешімін құптайтынын жеткізді.

Сондай-ақ, халық қалаулылары функцияларды беру кезінде бірқатар шұғыл шара қабылдауды талап етті.
Біріншісі – әр қалада тұрғын үйге ашық электронды кезек енгізу және оны қолжетімді ету. Кезекте тұрған әр адамға өз кезегі мен басқаларға баспананың бөлінуін емін-еркін қадағалауға, кезектілік бұзылған жағдайда алаяқтықты анықтауға мүмкіндік беру қажет.

Екіншісі – әкімдіктер берген әлеуметтік тұрғын үйлерге ревизия жүргізу. Егер пәтер басқа адамдарға қайта сатылса немесе жалға берілсе, мұндай баспананы алып қойып, заңды кезекте тұрған мұқтаж жандар арасында қайта бөлу қажет.