Қоғам

Қазақстанда қанша адамға "Спутник V" вакцинасы егілді

Республика бойынша 786 егу пункті ұйымдастырылып, тоғыз мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 ақпан – Sputnik. Ақпан айының басынан бері "Спутник V" вакцинасы 20 157 адамға егілді. Бұл туралы бас мемлекеттік санитар дәрігер – денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Коронавирусқа қарсы вакцинация жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда вакцинаның бірінші дозасы 20 157 адамға егілді. 22 ақпанда екінші дозасын егу басталды. Қазір оны 2 137 адам алды. Әзірге вакцинаның адам денсаулығына теріс әсері тіркелген жоқ", – деді Қиясов онлайн брифингте.

Ол 23 ақпанда Қарағанды фармацевтика кешенінде өндірілген "Спутник V" вакцинасының екінші партиясы – 93 мың дозасы өңірлерге жеткізіле бастағанын атап өтті.

Айтуынша, бұл екпені медициналық қызметкерлерге салу науқанын аяқтап, педагогтерге егуді бастау жоспарланып отыр.

Республика бойынша 786 егу пункті ұйымдастырылған, қазір оның 170-і жұмыс істеп тұр. Тоғыз мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды.

"Вакцинаның коронавирусқа қарсы қорғаныш әсері, яғни антидене бірінші дозадан 12-14 күн өткен соң пайда болады. Толыққанды иммунитет қалыптастыру үшін вакцинаның екі дозасын алу керек. Бірінші және екінші екпенің аралығы – 21 күн. Екпе егілген адамдар профилактикалық шараларды сақтауы қажет", – деп ескертті бас санитар дәрігер.

Ол 65 жастан асқан қарт адамдарға да жуырда коронавирусқа қарсы вакцина егуге рұқсат етілгенін айтты.

Қазақстан қай деңгейде тұр

Эпидемиологиялық жағдай матрицаға сүйенсек, соңғы екі апта бойы Қазақстан "жасыл" зонада тұр.

"Қызыл" аймақ бос, "сары" аймақта бес өңір – Нұр-Сұлтан қаласы, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстары. Қалған өңірлер – "жасыл" аймаққа кірген.

Айта кетейік, Қазақстанда 1 ақпанда коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация басталды.

Оқи отырыңыз: Бұрынғы денсаулық министрі Досқалиев COVID-ке қарсы вакцина туралы не дейді

Екпе, алдымен, инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына кезең-кезеңмен салынады. Олардың ішінде медицина қызметкерлері, педагогтар, құтқарушылар, полицейлер, әскерилер, созылмалы ауруы бар адамдар бар. Екпе тегін және ерікті түрде егіледі.